ҚР энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, ішкі нарықтағы бағаның төмен болуына байланысты соңғы айларда дизель отынына сұраныс өте қатты өсті. Мысалы, мамыр-қыркүйек айларында дизель отынына сұраныс 480 мың тоннаға жеткен. Осы орайда, вице-министр ішкі нарықта бензин және дизель отыны тапшылығының болуына не әсер етіп отырғанын түсіндірді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы көтерме бағаның айырмашылығы қандай?
"Биылғы жылы дизель отынын өндіру көлемі 4,9 млн тоннаны құрады, бұл – 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Динамика бойынша біздің мұнай өңдеу зауыттарымыздағы өндіріс тұрақты түрде өсуде. Жалпы, ағымдағы жылдың 5 айында тұтыну мамыр мен қыркүйек аралығында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 480 мың тоннаға және 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 246 мың тоннаға жоғары болды", – деді Әсет Мағауов.
Вице-министрдің айтуынша, республикадағы бөлшек сауда бағасы көрші елдерге қарағанда айтарлықтай төмен. Бұл транзиттік көлікте дизель отынын тұтынудың артуына және толып кетуіне ықпал етеді. Мұнымен қатар, Қазақстан Республикасындағы көтерме бағалардың динамикасы Ресей импортымен салыстырғанда Қазақстан Республикасы–Ресей Федерациясы шекарасында келтірілген.
"2018 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы көтерме бағаның айырмашылығы тоннасына шамамен 20-30 мың теңгені құрады. Бұл шекара маңындағы облыстардағы автомобиль жанар-жағар май құю станцияларындағы дизель отынын импорттауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта көтерме бағаның айырмашылығы тоннасына 80-90 мың теңгені құрайды. Ресейде жанар-жағармайдың көтерме бағасы әлемдік мұнай бағасының өсуімен бірге өсті. Ал Қазақстанда осы кезде бұл бағалар аздап қана өзгеріп отырды", – деді вице-министр.
Импорт пен экспорт кезіндегі салық. Сондай-ақ, Әсет Мағауов Ресей Федерациясынан дизель отыны ресейлік салықсыз жеткізілетінін мәлімдеді. Ал Қазақстан Республикасына импорт кезінде қазақстандық қосылған құн салығы және тоннасына 540 теңге акциз төленеді. 2020 жылдың 6 айы бойынша дизель отыны импортының бағасы жарияланбады. Себебі, Қазақстанға жанар-жағар май импортына тыйым салынды.
Әсет Мағауовтың айтуынша, Ресеймен баға айырмашылығы төмен болған кезде елімізде тұтыну да аз болды. Мысалы, 2018-2019 жылдары жүктеме ең жоғары үш ай ішінде орташа тұтыну 2021 жылмен салыстырғанда 60-70 мың тоннаға аз болды.
"23 қыркүйекте министрлік Ресей Федерациясының энергетика министрлігімен шамамен 100 мың тонна көлемінде дизель отыны импортының қажетті көлемін бөлуге қатысты келіссөздер жүргізген болатын. Қазіргі уақытта жанар-жағар май станцияларының ірі желілері Ресей Федерациясының жеткізушілерімен келіссөздер жүргізуде. 28 қыркүйектегі жағдай бойынша Ресей Федерациясының зауыттарынан дизель отынын жөнелту 19 517 тоннаны құрайды. Бұл ретте импорттың қарқынды жандануын байқаймыз. 1 қыркүйектен 20 қыркүйекке дейін 5 055 тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілді. Ал 21-28 қыркүйек аралығында шамамен 14 462 тонна тиеп-жөнелтілді", – деді Әсет Мағауов.
Павлодар өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары неге шегерілді?
Мұнымен қатар, ол Павлодар зауытының жөндеу жұмыстарының осы күзге шегеріліп келгенін айтты. Бұл дизель отыны қорын өсіру үшін қажет болған. Сондай-ақ, тамызда сұраныс 519 мың тоннаны құраған.
"Ол біздің тарихта болып көрмеген нәрсе. Сондықтан біздің қорымыз азайып бара жатыр. Әрі қарай Павлодар өңдеу зауытын жөндеу жұмыстарын соза тұруға мүмкіндік жоқ. Қазан айынан бастап жөндеу жұмыстары жүреді. Енді сұраныс көп болған соң қорымыз азайып барады. Наурыз айынан бастап дизель отынының экспортын тоқтаттық. Қаңтар айынан бастап бензиннің экспортын тоқтатқан болатынбыз. Өйткені, біздің болжамымызға сәйкес, қажет көлем болмай қалатындай көрінді. Сол себепті экспорт тоқтатуға мәжбүр болдық", деп түсіндірді Әсет Мағауов.
Жыл сайын сұраныс артып келеді. Әрі қарай ол жыл сайын тапшылықты болдырмау үшін арнайы шаралар қолданылатынын мәлімдеді.
"Маған "Жыл сайын тапшылық болады" дегенмен келіспеуге рұқсат етіңіз. Өйткені, бұл жыл сайын болып тұрған дүние емес. Былтыр баға төмен түсті. Бензиндікі 150 теңгеге дейін, ал дизель отынының бағасы литріне 180 теңгеге дейін түсті. Екіншіден, былтыр бізде ішкі сұраныс төмен болды. 500 мыңнан астам тонна бензинді, 200 мың тоннадай дизельді экспортқа жібердік. Ешқандай тапшылық болған жоқ. Қазір ішкі нарықтағы бағамыз өте төмен болғандықтан, тек қазақстандықтарды емес, бүкіл қасымыздағы көрші елдердің облыстарын да қамтамасыз етіп отырмыз. Бүкіл транзиттік көлік Қазақстанға кіріп, шыға берісте бір фура бір тоннадан құйып алады. Ол біздің ішкі сұранысқа өте үлкен әсер етіп отыр. Біздің есебіміз бойынша, дизель отынына сұраныс ай сайын 50-60 мың тоннаға өсті. Сондықтан дизель отынын өндіруді қанша көбейтсек те, сұраныс одан да ұлғайып, өсіп барады", – деді вицеминистр.
Қазақстан нарығын қамтамасыз ету үшін қанша тонна қажет?
Әсет Мағауовтың айтуынша, барлық шекараны жапсақ, Қазақстанды 100% дизель отыны және бензинмен қамтамасыз ететін мүмкіндік бар. Бірақ Қазақстан ашық нарықта болғандықтан, бұлай жасау мүмкін емес. Алда көрші елдермен қарымқатынасымыз әрі қарай да ұлғая бермек.
"Біз олардың сұранысын толықтай қамтимыз деп айта алмаймыз. Бүгін, мысалы, Беларусь елінен жүргізуші келіп "Бізде дизель отынының литрі 400 теңге болғандықтан, Қазақстанға кіріп 200 теңгеден ұйып алайын деп едім. Неге маған бермей жатсыңдар?" деп сұрақ қойыпты. Әрине, біз бұлай бүкіл көрші елдің сұранысын қамтимыз деп айта алмаймын. Барабара бірыңғай нарыққа келеміз. 2025 жылдан бастап Еуразия одағының ішінде мұнайдан өңдеп шығарған өнімдер бензин, дизель отыны нарықта бірдей болуы керек. Соған келу керекпіз. Сонда бізде ішкі сұраныс азаяды деп есептеймін.
Әрине, үлкен жүк көліктерін түсінуге болады. "Дизель отыны арзан болса, бір пйда тапсақ" деп ойлайды. Бірақ түсінуі керек жүк тасушының арасында тек Қазақстан емес, оның ішінде көршілерден біздің Қазақстан арқылы өтіп бара жатқан жүк көліктерінің өте көп екенін түсінуі керек. Соның барлығын неге біз арзан етіп беруіміз керекпіз. Ол болашақта Қазақстан бюджетіне келіп түсетін салықты азайтады. Сол себепті нарықтық бағамен қоюымыз керек. Әлеуметтік жағдайы төмен қазақстандықтарды сол түскен салықтан қамтамасыз етіп, оларға компенсация беруіміз керекпіз", – деді вице-министр.