Тікелей эфир

Асанбай Асқаровтың туғанына – 100 жыл. Шымкентте республикалық конференция өтті

Асанбай Асқаровтың қызметтес достары, ақын-жазушылар мен бірқатар зиялы қауым өкілдері рәсімге арнайы қатысып, еңбек ерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 

"Халқым нашар тұрса, менің жақсы өмір сүргенімнен не пайда?" Осындай ұранмен өмір сүрген қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 100 жыл толды. Атаулы датаға орай бүгін Шымкенттегі әл-Фараби алаңында зерттеушіні еске алу рәсімі өтті. 

Сонымен қатар, мерейтой қарсаңында республикалық конференция өтті. Іс-шараға Еңбек ерінің қызы Жаннет Асқарова, қала әкімі, зерттеушінің көзін көрген ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.

"Біз сіздерге үлкен алғысымызды білдіреміз. Әкемізді Шымкентте ерекше еске алатынын, құрметтейтінін және бағалайтынын білеміз. Ол үшін өте ризамыз. Ол кісі ел үшін, халқы үшін қызмет етті, соған бар өмірін арнады. Енді осы Шымкентте әкеміздің есімін ұмытпайтын, Қазақстан үшін адал қызмет ететін жастар өседі деген үміттеміз", – деді Асанбай Асқаровтың қызы Жаннет Асқарова. 

Қала әкімі Мұрат Әйтенов тарихи тұлғаның еңбегін атап өтіп, Асанбай Асқаров есімін ұрпақ жадында жаңғырту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.  

"Қазіргі таңда Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражай бар. Осыдан екі жыл бұрын шаһарымыздағы дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Белгілі қаламгер Мархабат Байғұт ағамыздың "Асқаровтың ақ қайыңдары" атты драмасы Шанин атындағы қалалық драма театрда сахналанып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бүгін театрда тағы да көрермен назарына ұсынылады", – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Үш облысты басқарған ерен тұлға 30 жылға жуық уақытта өзі өскен өлкесінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Тау тұлғалы азамат саналы ғұмырында Шымкент қаласының гүлденуіне үлкен үлесін қосқан. Асанбай Асқаровтың көмекшісі болған Әбдіқадыр Кәрім де оның қызметтес азаматтарының ой-пікірін тыңдай білетін білікті басшы болғанын айтады.

"Ол өзі іскер адам болатын. Ол кісінің талап қоюы да ерекше еді. Мәдениеті жоғары, жан-жақты, салиқалы, білікті деген баға берер ем ол кісіге. Оның талабының деңгейінде құжат дайындауда небір білгішпін деген қызметкерлердің өзі тиісті деңгейде дайындап бере алмайтын. Сондықтан, ол кісі – бәріміз үшін де үлкен мектеп, үлкен академия", – деді Әбдіқадыр Кәрім.

Айта кетейік, қоғам қайраткерінің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары