Тікелей эфир

Әр балаға – 37 389 теңге. Тұрмысы төмен отбасы оқушыларына қандай көмек көрсетіледі?

Комитет өкілі министрліктің мұндай шешім қабылдауына ата-аналардың өтініші түрткі болғанын айтады.

Бұрындары әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларға мектеп формасы заттай берілетін болса, биылғы жылдан бастап ата-ананың жеке шотына қаражат түрінде аударылатын болады. Алайда, ата-аналар 15 күн ішінде  қаражаттың мақсатты түрде жұмсалғанын растауы қажет, деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев. 

"Бұл жерде қаражаттың нысаналы пайдаланғанын растайтын құжаттарды, яғни төлем түбіртегі, сурет сынды дәлелдемелерді сатып алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде білім басқармаларына өткізуі тиіс. Себебі, ата-ана қаражат алар алдында оның нысаналы жұмсалғанын растайтын құжттарды ұсынуға келісетінін және жалған ақпарат пен анық емес құжаттар бергені үшін жауапкершілік туралы ескертілгенін растап, өтініш жазады", – деп түсіндірді Дулат Жекебаев.

Комитет өкілі министрліктің мұндай шешім қабылдауына ата-аналардың өтініші түрткі болғанын айтады.

"Әр балаға 37 389 теңге қарастырылып отыр. Егер жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, көбірек береміз десе, біз құптаймыз. Біздің белгілеп отырғанымыз ең төменгі шектік сома", – деп толықтырды Дулат Жекебаев.

Көмек алатын адамдардың тізімін жергілікті атқарушы органдар жасақтайды. Оған ену үшін мектептің әлеуметтік педагогына барып өтініш жазу керек. 


Оқи отырыңыз: "Ағылшын тілі оқытылмайды". 1-сынып оқушыларын тағы қандай жаңалықтар күтіп тұр?


Айта кетейік, биыл Үкіметтің №64 қаулысына өзгерістер енгізілді. Десе де, "Жалпыға міндетті білім беру қоры" аясында көмек алатын бес санат өзгерген жоқ. Атап айтқанда:

  1. Әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан балалар;
  2. Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы күнкөріс шегінен төмен отбасынан шыққан балалар;
  3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар;
  4. Әртүрлі қиын жағдайларға тап болып, төтенше жағдайларда (өрт және тағы басқа) қалған балалар;
  5. Жоғарыдағы төрт санатқа жатпайтын, бірақ материалдық жағдайы төмен отбасылар. Оны мектептің қамқоршылық кеңесі белгілейді.

Осы санатқа жататын адамдар "Жалпыға міндетті білім беру қорының" есебінен, жергілікті бюджеттің ақшасынан көмек ала алады.


Оқи отырыңыз: Тегін мектеп формасы кімдерге беріледі?


 

Серіктестер жаңалықтары