Ақтөбелік шенеуніктер 77 миллион теңгеге екі электромобиль сатып алмақ болған. Яғни әрбір көлікті 38 миллион теңгеден алуды жоспарлап мемлекеттік сатып алу сайтына лот жариялаған. Бұл туралы 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алайда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті әкімдіктің көліктерді нарықтағы құнынан тым қымбатқа бағалағанын анықтап, конкурсты тоқтатқан.
Антикордың хабарлауынша, осыған ұқсас электромобильдердің нарықтағы бағасы шамамен 29 миллион теңге. Сондықтан, мамандар облыстық әкімдікке мемлекеттік сатып алу туралы шартты нарықтық бағаға сәйкестендіруді ұсынған. Нәтижесінде, 18 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген.
Ал әкімдіктегілер электромобильдерді шығыны аз болғандықтан және әкімдіктің ішкі жұмыстарына пайдалану үшін сатып алмақ болғанын айтады. Сөздерінше, конкурс жариялаған кезде мұндай көліктің нарықтағы құны 38 миллион теңгеге бағаланған. Кейінірек электромобильдің құны түскен. Бірақ мемлекеттік сатып алу шартын өзгерту мүмкін болмады дейді.
Оқи отырыңыз: Бюджеттен 826 млн теңге бөлінген: Өскемен іргесінде алты жыл жарықсыз отырған 500 отбасы шағымданды
Қазір шенеуніктер электромобильдердің талап етілген жинақтарының болмауына байланысты келісімшартты бұзғанын айтады. Енді орнына жанармаймен жүретін көлік алуды көздеп отыр.
"Жалпы электрокарды сатып алудағы мақсатымыз – еліміздің жасыл экономикаға көшу жөніндегі бағдарламаны орындау. Және тиімділігі экологиялық тұрғыдан да шығын жағынан да, үш есе тиімді болып саналады", – деді Ақтөбе облысы әкімдігі іс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Рыскелдин.