Тікелей эфир

Ақтөбеде 4 ірі қаржы пирамидасының салымшылары бас көтерді

Олар миллиардтаған қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген 48 адамды соттың үйқамаққа жібергеніне наразы.

Ақтөбеде төрт ірі қаржы пирамидасының салымшылары бас көтерді. Олар бір жарым жылдан бері "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "Эстет ломбард" және "Нур Али Капитал" ұйымдарының ісіне қатысты жүріп жатқан сот процесіндегі өзгеріске наразы. Миллиардтаған қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген 48 адамды соттың не үшін үйқамаққа жібергенін түсінбейді. Осылайша Қазақстан бойынша 36 миллиардтан астам сома жинап, елді тақырға отырғызған күдіктілер жауапкершіліктен сытылып кете ме деп қорқады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Айгүл Ахметқалиева екі жыл бұрын жалғыз баспанасын сатып, ақшасын "Гарант 24 ломбардқа" салғанын айтады. Қаржы ұйымы 11 млн теңгені бір айда 14 млн теңгеге дейін өсіріп береміз деп сендірген. 

"Соттың соңында осылай жүргенімізге екі жыл болды. ІІБ-нің соңындамыз. Қазақстан кем мемлекет емес қой. Сот шешімді халық пайдасына шығарады деп үміттенеміз. Ақшамызды қайтарамыз, басқаша болуы мүмкін емес", – деді салымшы Айгүл Ахметқалиева. 


Оқи отырыңыз: Вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамалды


Салымшылар қылмыстық істің сотқа түскеніне бір жарым жыл болса да, әлі күнге дейін нақты шешім шықпағанын айтады. 

"Адам баласымыз, пендеміз. Шынымен алдандық. Бірінен соң бірі алып жатқан соң, қызығып бәріміз бардық. Халықты неге әбігерге салады? Егер қайтартып бере алмаса? Қайта-қайта арыз жазғызып, сотқа неге шақырады?" – деді салымшы Шара Мұратәлиева. 

Жиналғандар соттың қырық сегіз күдіктіні үй қамаққа жібергеніне наразы. Ал облыстық сот сотталушыларды күзетпен ұстау мерзімі бір жылдан соң аяқталғанын айтады.

"Сотталушылардың, оның ішінде басқа өңірлерде тұратындардың санын ескере отырып, сондай-ақ сотталушылардың тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету, сотта істі қарауға кедергі келтірудің алдын алу, сотқа келуден жалтару, қылмыстық әрекеттің алдын алу мақсатында сот Ақтөбе облысының әкімдігі берген тұрғын үйді үй қамақта ұстау орны деп айқындады", – деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева. 


Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев: Мен керісінше жәбірленушімін


Аталған төрт қаржы ұйымы бойынша сот отырысы Ақтөбедегі бұрынғы қоныс колониясында өтіп жатыр. 3700 томнан тұратын қылмыстық істе 48 адам сотта жауап беруде. Қазақстан бойынша 17 мыңнан астам салымшы "Гарант 24 Ломбард" "Выгодный займ", "Эстет ломбард" және "Нур Али Капитал" ұйымдарына 36 миллиард теңгеден астам қаржы құйған. Ал бір жарым жылға созылған сот процесі алдағы бір айда аяқталып, үкім шығуы керек.

Серіктестер жаңалықтары