Тікелей эфир

Ақтөбеде 25 млн теңгенің алтын бұйымын жымқырған қылмыстық топ ұсталды

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

1 қараша күні түнгі мезгілде Ақтөбе қаласындағы ірі сауда-ойын сауық орталықтарының біріндегі сауда орнынан аса ірі көлемде алтын бұйымдар қолды болған. Осы бұйымдарды ұрлаған қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Зергерлік бұйымдардың жоғалғанын сатушы келесі күні таңертең білген. 29 жастағы кәсіпкерге келтірілген шығын көлемі 25 миллион теңгеге жуықтады.

"Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері бейнекамералардың жазбаларын зерделеу кезінде медициналық бетперде киген ер адамның сауда орнына жасырын кіріп, кілт салу арқылы шкафтан алтын бұйымдарды ұрлағаны анықталды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктінің жеке басын "ізін суытпай" анықтады. Ол 25 жастағы аудан тұрғыны болып шықты", – делінген хабарламада.

Күдіктінің түнгі уақытта сауда-ойын сауық орталығында адамдардың аздығын пайдаланып, өзінің 3 сыбайласымен бірлесе әрекет жасағаны анықталды. Олар орталықтың ішінде бір-бірімен құлаққап арқылы байланысып отырған және осы қылмысты жасағаннан кейін Орал қаласына бой тасалаған. Күдіктілердің барлығы бұрын сотталған облыс тұрғындары екені анықталды. Оларды 2 қараша күні криминалдық полиция қызметкерлері Орал қаласында ұстады.


Оқи отырыңыз: Түрмеде ұялы телефон қолданғандар жазаланады. Оны жеткізгендер де жазасыз қалмайды


Ұрланған алтындар тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары