
Ақтөбенің іргесіндегі бүтін бір ауыл халқы қалаға қатынай алмай отыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Шаһарға апаратын автобусты ақпанның қытымыр аязында қараша сағаттап күтеді. Ол аздай, бірнеше шақырым жүріп, тасжолдың бойына шығу керек. Айта-айта жауыр болған тақырыпты тұрғындар тағы көтеруге мәжбүр. Себебі, аудандық шенеуніктер мәселені шешуге асықпайды дейді.
Жаңақоныс ауылының жұрты қалаға бару үшін күн сайын 3 шақырымды артқа тастап, трассаға шығады. Бұл жерде аялдаманың белгісі де жоқ. Сондықтан аязды күні дірдектеп күткен автобус көп жағдайда тоқтамай кетеді дейді тұрғындар.
Жұрттың сөзіне көз жеткізу үшін тасжолдың бойында бір сағат тұрдық. Бірақ қоғамдық көліктер бірінен кейін бірі зуылдап өте шықты. Автобус жүргізушілері көңілдері қалаған кезде ғана жолаушы алады дейді ашынған халық. Зардабын әсіресе оқушылар тартады. Ал такси бағасы адам басына 1 500 теңге. Алайда күн сайын көлік шақырту қалта түбін қағады дейді көпшілік. Аудандық атқамінерлерден күдер үзген қараша улап-шулап облыстық әкімдікке келді.
Айғайға басқан бұқара шенеуніктерді қаумалап, автобус мәселесін шешіп беруді сұрады. Ал халықты сабырға шақырған ақ жағалылар жақын күндері күрмеудің түйіні тарқайды деп сендірді.
Әкімдіктегілер ауыл ішіне биыл толықтай асфальт төселетінін жеткізді. Осы шаруадан кейін аялдама салу жұмыстары басталмақ. Айта кетейік, бұл елді мекенде 100-ден астам отбасы тұрады.