Ақтауда 11 шағынауданда орналасқан №26 мемлекеттік балабақшада бөбектер қалың киіммен ұйықтауға мәжбүр. Ата-аналар "қабырғасы сыз тартқан, едендері мұздай мекемеде осымен екінші жыл қатарынан жылу дұрыс берілмей жатыр", - деп шағымданды. Кеңес заманында салынған ғимараттың өзі әбден ескіріп тұр. Балалардың ойын алаңқайы да жаңартылмаған, - деп хабарлайды otpannews.kz.
Бөбекжай ішіндегі жылудың төмендеуі былтыр желтоқсан айында басталған. Бүлдіршіндер де түсте қалың киіммен ұйықтайды екен. Салқынның сызын сезіп, балдырғандардың денсаулығын ойладық.
"Биыл қаңтар айында ТВС-ке де ("Каспий жылу су арнасы" мекемесі) бардық. ТВС-ке барған кезімізде бәрі қаралады деп, бәрін бізге жіберіп отырды. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Жазбаша да, аяқтай да барып, өтінішімізді айттық. Міне 2025 жыл болайын деп жатыр. Қазірдің өзінде біз балаларымызды қалың киіммен жіберіп жүрміз", – дейді тәрбиеленушінің анасы Махаббат Нұрбаулиева.
"Қазан айында балабақшаның жылу құбырларын ауыстыру үшін 11 миллион теңге бөлінген" дейді мекеменің меңгерушісі. Ол қаражатқа жаңа сорғы сатып алынып, орнатылған. Сол жөндеу жұмыстарынан кейін балабақша іші жылынғандай болған. Әйтсе де екінші желтоқсаннан бастап қайта суып кеткен.
"Бұл мәселе екінші желтоқсаннан басталды. Келетін жылудың қысымы төмендеп кетті. КЖСА мекемесі бастығының орынбасары Ислам Үсенов келіп, анықтап, бізге жанымыздағы 20 үйден келетін жылуға задвижка қойылғанын анықтады. Ол задвижка ашылып, жылу келе бастады", – дейді балабақшаның меңгерушісі Мереке Меңдібайқызы.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Ғани Құрманғалиевтің сөзінше, орталық жылу жүйесіне қосылған мектепке дейінгі бұл мекемемен қоса, маңайындағы үйлерге де жылу жетпей жатқанға ұқсайды.
"Қазіргі таңда жылудың қысымы төмендеп тұр. Оның әртүрлі себептері бар. Оның бірі, қазір тұрғын үйлердің жоғары қабатына жылу жетпеуіне байланысты қосымша құрылғылар орнатылып жатыр. Соның әсеріне балабақшаға баратын жылудың қысымы төмендеп тұр. Оны шешу мақсатында бүгін қосымша құрылғылар сатып алынды", – дейді Ғани Құрманғалиев.
Ата-аналар жиналып, шағымданған соң балабақшаға жаңа жылу сорғысы орнатылды.