
Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеудің алдын ала қорытындысы келесі аптада жарияланады. Бұл туралы бүгін Үкіметтегі баспасөз мәжілісінде премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
"Көлік министрлігі жанынан құрылған арнайы топ бар. Оның ішінде біздің де сапаршылар, Ресей тарапының, Бразилияның мамандары, ICAO тарапынан Нидерланд елінің бір өкілі. Қазір "қара жәшіктің" дыбыс деректерін қарап жатыр. Ұшақтың режимдерін қарап оларды сәйкестендіреді", – дейді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, қара жәшікке қатысты қорқатын ештеңе жоқ. Барлығы мөр басылған. Көшірмесі Ресей мен Әзербайжанда бар.
"Кімнің дауысы соның бәрін анықтау керек. Қай минутта, қай секундта кім не айтқанын, кімнің қандай пәрмен бергенін зерттейміз. ICAO-ның стандарты бойынша әуе апатының алдын ала себептері бір айдың ішінде жариялануы керек. Осы мәселелердің бәрін келесі аптада бітіреді деп ойлаймын. ICAO-ның талаптарына сәйкес бір айдың ішінде алдын ала қорытындыларды жариялау керек. Сол ұсынымдарға сүйенсек, келесі аптада біздің жауапты министрлік тиісті ақпаратты береді", – деді вице-премьер.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Баку–Грозный бағыты бойынша ұшқан жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырады. Әуе апатынан 38 адам, соның ішінде алты Қазақстан азаматы қаза болды.