
Алматыда қазақ тіліне дубляждалған Disney студиясының "Ақшақар" фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Премьераға танымал тұлғалар, өнер және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлері мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл – "Disney" студиясы өз қаржысына қазақ тіліне дубляждаған төртінші фильмі. Киностудия жыл сайын жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-қа жуық нұсқасын дайындайды. "Қазақ тілі" қоғамының бастамасымен 2024 жылдан бері рі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын ұлтымыздың тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында "Disney" студиясы былтыр "Ойжұмбақ 2", "Моана 2", "Муфаса. Арыстан патша" деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды. Биыл наурыз айында "Ақшақар" туындысы көрерменге жол тартты.
"Ақшақар" 1937 жылы жарық көрген анимациялық фильмнің кино нұсқасы. "Айна, айна, кім сұлу?" деген дауыс бәрінің есінде болар. Әке-шешесінен айырылған ханшайым зұлым патшайымнан қашып, жан сақтау үшін орманды паналайды. Орманда асыл тастар қазатын жеті ергежейлі – Ақылды, Жұбаншақ, Күлегеш, Ұялшақ, Түшкiршек, Ұйқышыл, Аңқаумен достасады. Патшаға адал бұзақы топпен танысып, патшайымға қарсы шығады. Ең соңында патшалықты қайтарып алады.
Көрсетілімге дубляж актерлерінің толық құрамы, танымал тұлғалар тұтас қатысты. Ақшақарды – Жарқынай Ханайым, ал зұлым патшайымды әнші, актриса Айгүл Иманбаева дубляждады. Көрермен әнші Жұлдыз Уәлихан, әнші Еркеш Хасан, актер Қайрат Әділгерей, кинорежиссер Ақан Сатаевтың да дауысын ести алады. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев, қазақ тіліндегі әндердің музыкалық жетекшісі – Анель Сіргебаева.
Бұған дейін прокатқа шыққан "Моана 2" мультфильмі 12 күнде 151 млн теңге касса жинап, қазақшаға аударылған анимациялық фильмдер арасында ең табысты туынды ретінде рекорд орнатты. "Disney" мен "Pixar" студиясының "Ойжұмбақ 2" фильмі алғашқы 4 күнде 40 млн теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатқан болатын. Ал "Муфаса. Арыстан патша" көркем фильмін қазақ және орыс тілінде 1,1 миллион көрермен тамашалаған. 4 қаңтардағы мәліметке сүйенсек, фильм 2,5 млрд теңге касса жинаған.