Қазақстанда діни дресс-код бар ма? Бұл сұраққа бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында жауап берді.
Оның айтуынша, бүгінде дін қызметкерлерінің дресс-кодына қатысты мәселе толықтай жүйеленген. Имамдар қазақы дәстүрге сай біркелкі (ақ немесе қою көк түсті) шапан жамылады. Ал басына ақ сәлде немесе тақия киеді.
"Басқа сәлде салу арабтілді көп елде жоқ, тіпті тақия кимейтін мұсылман халықтары бар. Сәлде кию бастапқы кезде исламның бір негізі болғанымен, кейін белгілі бір халықтардың дәстүрлі киімі ретінде қабылданды. Сәлде, тақия кию – біздің Орталық Азияға тән дәстүрлі ерекшелігіміз. Бұрын сәлдені барлық адам кисе, қазіргі уақытта дін адамдары ғана киеді. Сәлде орау адамның сабырын шыңдайды, сонымен қатар намаздың сүннеті", – деді бас мүфти.
Оқи отырыңыз: Пітір садақасынан жиналған қаржы қайда жұмсалады? ҚМДБ төрағасы жауап берді
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҚМДБ бөлім басшылары мен мамандары ресми жиындарға біркелкі қою көк шапан киеді. Діни басқарма төрағасы қара орану, тұмшаланып жүру, келте балақ және басқа да одағайлау киім қазақ дәстүріне де, діни басқарма аясындағы құрылымдарға да жат екенін еске салды.
"Сонымен бірге біз әсіре еуропаланған ашық-шашық киім қалпын да көргенсіздік санаймыз. Бәрі де ақылға, парасатқа сәйкес болса дейміз. Бұл мәселеде қоғам жауапкершілігі мен ұлттық киім дизайнын қатар дамытқан абзал", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.