"Антибуллинг" курсының жүргізушісі әрі авторы, балалар қауіпсіздігі бойынша маман Зарина Жұмағұлова арнайы антибуллинг комитетін құруды ұсынды.
"Біздің қоғам "игі мақсатта" деп балаларға қатал тәрбие бергенді дұрыс деп санайды. Қазіргі таңда ата-аналар мен мектеп үшін балалардың білімі алдыңғы қатарда тұр. Ал оқушының тұлға болып қалыптасуына дәл осындай деңгейде көңіл бөлінбейді. Көбінесе желіден немесе ата-аналар чатынан "Менікіне қаталырақ болыңыз. Соғу қажет болса, соғыңыз. Бастысы, оқыса болды" деп жазып жатады. Адам қажеттілігі пирамидасына зер салсақ, онда қауіпсіздік бірінші орында тұр. Бұл – кез келген адамның базалық қажеттілігі. Факті бойынша, бала мектепке келгенде бәрінен қорқады: бағадан, қатал ұстаздан, агрессивті сыныптастарынан. Осының барлығы бола тұра балалардан ең үздік қабілеттерін көрсетуді талап етеміз. Ал потенциал тек қауіпсіздікті сезінген кезде ғана ашылады. Құрметті БҒМ өкілдері, сыныпта берекелі атмосфераның болуы – тек мұғалімнің емес, бүкіл білім жүйесінің еншісіндегі дүние. Мені мұғалімдер қоғамдастығы қолдайтын шығар. Балалардан көп жағдайда қателесу, бәрінен ерекше болу құқығын алып қоямыз", – деді Зарина Жұмағұлова.
Әрі қарай "Антибуллинг" курсының авторы қауіпсіздіктің кепілі – қатаң шекара сақтау екеніне тоқталды. Осы орайда, ол балаларға жеке шекарасын қорғап үйренуді үйретуді ұсынды. Бұл үшін оқушылар, ата-ана және арнайы мамандар арнайы курсты пайдалана алады.
"Әр мектепте бала қауіпсіздігі бойынша маман болуы керек деп есептеймін. Өйткені, ол буллингтен басқа да өзге қауіп-қатерден сақтауға көмектеседі. 72 сағатқа созылатын бағдарлама көмегімен балалар зорлық-зомбылығын алдын алуға көмектесетін мамандарды даярлауға болады. Мұнымен қатар, антибуллинг комитеті қажет деп ойлаймын. Кей мектепте қауіпсіздік командаларының барын білемін. Олар оқиғаларды тіркейді, әрекет етеді", – деп қосты Зарина Жұмағұлова.
Мұнымен қатар, әлеуметтік педагогтермен жұмыс кезінде олармен өз кейстерін талдағанына тоқталды. Айтуынша, көптеген ұстаз өз әрекетінің қандай теріс салдары болғанын білмеген.
"Мектептерде антибуллинг бағдарламасы міндетті түрде болуы керек және ол жергілікті мамандар күшімен енгізілсе игі. Оған өз мамандарымыздың тәжірибесі жеткілікті, сондай-ақ, шетел тәжірибесін ескерген де артық болмайды. Аталған бағдарламаны білім мекемелеріне заң деңгейінде енгізу қажет. Сол кезде әр буллинг жағдайы нақты регламентке сай тексеріледі", – деп ұсыныс білдірді балалар қауіпсіздігі бойынша маман.
Еске салсақ, ҚР білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова "Цифрлық сауат" пәні енгізілгеннен оқушылардың апталық жүктемесі артпайтыны туралы мәлімдеген еді.