Мәжілісте "Мәдениет туралы" заңды талқылау барысында депутат Марат Әбенов қазақтың жаңа әндерінде қыз алып қашу насихатталып жатқанын сынға алды. Ол, тіпті, әлеуметтік желіде танымал әннің мәтінін де оқып берді: "Алып қашам, мейлі олай қалама. Келін қылам сені қалай да анама".
Депутат осыған ұқсас мазмұндағы әндер көп таралып жатқанын айтып, Астанада студенттермен кездесу барысында жастардың өзі бұл мәселеге қатты алаңдайтынын жеткізді.
"Студенттер бізде заңдар неге түсіндірілмейтінін, адам құқықтарын сақтаудың маңызы айтылмайтынын сұрады. Олар маған TikTok желісінде қыз алып қашу оқиғасын да көрсетті. Видеода қызды өз еркімен келгенін растап қол қоюға мәжбүрлеу дерегі бар. Пікір жазып жатқандардың бәрі күліп жатыр. Ал бұл адамның құқығын бұзу ғой. Біздің қазіргі қоғамда қыздарды алып қашуға, олардың құқығын аяқпен таптауға болмайды. Біз осыны тоқтатып, заңдарды түсіндіру бойынша жұмыс жүргізуіміз керек", – деді Мұрат Әбенов.
Депутат ұсынған мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын қыз алып қашу оқиғалары азаюдың орнына өсіп барады. 2023 жылы мұндай 13 оқиға тіркелсе, биыл Түркістан облысының өзінде 18 қызды алып қашқан.
Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу. Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?
Соған орай, Мұрат Әбенов қыз алып қашуға қатысты Қылмысқы кодекске арнайы жеке баптар енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс дереу тағы бір депутат Еділ Жаңбыршин тарапынан қолдау тапты.
"XXI ғасырда қыз алып қашу санаға сыймайды. Ол тауар емес, адам ғой. Мен қыз алып қашатындарды түсінбеймін. Жігіттер қыздардың тілін таба алмайтын болғаны ма? Менің өзімнің үш қызым бар, үшеуі де құда түсу жолымен теңіне күйеуге шықты... Мен қыз алып қашуға жазаны күшейтуге қарсы шығатындарды да түсінбеймін. Демек, олар қолдай ма сонда? Біз балаларға балабақшадан бастап қыздарды сыйлаудың маңызын үйретуіміз керек. Қыздарды қорғау, оларға күш көрсетпеу керек. Ал біз қыздарды қорғай алмасақ, онда біздің қоғамның болашағы жоқ", – деді Еділ Жаңбыршин.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қыз алып қашу туралы: Мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық пен масқара тірлік