Тікелей эфир

"Алтын орда" базары қашан заң аясында жұмыс істей бастайды?

Үкімет басшысы базардағы заң бұзушылықтарды жоюды тапсырды.

"Алтын орда" базарында 5 мыңнан астам сауда орны бар болса, оларға күнделікті шамамен 50 мың адам зат сатып алуға келеді. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көкөніс, ет өнімдері мен жемістердің көтерме саудасының 40 пайызын және бөлшек саудасының 70 пайызына дейін қамтиды. Оған тауарды негізгі жеткізушілер отандық өндірушілермен қатар көршілес елдердің компаниялары. Мұндай деректер Үкімет кеңесінде айтылды.

"Сонымен қатар күнделікті өнімнің үлкен ағынын ескере отырып, базарда аймақтық ауқымда бақыланбайтын олигополия құрылады. Бас прокуратура және мемлекеттік органдармен тексеру нәтижесінде санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау саласында 300-ден астам ҚР заңнамасы нормаларын бұзушылықтар анықталды", – делінген Үкіметтің хабарламасында.

Алматы облысы әкімдігінің деректері бойынша, анықталған заң бұзушылықтар ішінара жойылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан бизнес жүргізуге қолайсыз жағдайлар туралы шағымдар саны артқан, бұл сайып келгенде тауарлар бағасының негізсіз өсуіне алып келеді.


Оқи отырыңыз: Президент тапсырма берсе де, "Алтын Орда" базарында әлі тәртіп орнаған жоқ


Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр қолданыстағы заңнамаға сәйкес түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Олар:

  • "Алтын Орда" базарының қызметін ретке келтіру және бағаны қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру;
  • Базар аумағында барлық заң бұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін прокуратура, ішкі істер органдары, БҚДА, ҚМА және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құралған тұрақты мобильдік топ құру.

Сонымен қатар, Алматы агломерациясында сауда ағындарын теңестіретін және "Алтын Орда" базарының баға саясатына ықпалын азайтатын баламалы көтерме-сауда орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғасады.

Серіктестер жаңалықтары