"Алтын-Емел" ұлттық паркі қызметкерлері Қызыл кітапқа енген жыланжегіш қыранның балапан басуын фототұзаққа түсірді, деп хабарлайды ҚР орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Жыланшегіш қыран – ұлттық парк аумағында кездесетін ерекше құстардың бірі, өйткені оның негізгі қорегі – жыландар. Учаске басшысы Дидар Базарбеков осы құстың балапан басуын басынан бастап аяғына дейін фототұзаққа түсірген. Бейнеден жыланжегіштің жалғыз жұмыртқа салуынан бастап, балапан шығарып, оның қоректенуі, ұядан ұшып шығуын көруге болады.
"Ата-анасы балапанын 2 ай бойы оқ жылан, қарашұбар жылан сынды әртүрлі жылан түрімен қоректендіреді. Тек бір рет агама кесірткесін әкеліп береді. Алайда бұл құс түрінің бақа, ұсақ сүтқоректі (кеміргіштермен) және дала құстарымен де қоректенетіні белгілі", – делінген комитет ақпаратында.
Жыланжегіш қыранның ұясы парк аумағының жазық шөлді бөлігіндегі жалғыз Тораңғы ағашынан табылған. Бұл құс наурыз-сәуір айларында ұшып келіп, ұясын ағаш пен жартастарға салады.
Сәуірдің ортасынан бастап мамыр айына дейін жұмыртқа салып, оны бір ай басады. Балапаны шамамен маусым айының ортасында немесе соңында шығады.
Шілде-тамызда қанаты қатып, тамыз айының соңына қарай ұядан ұшып кетеді.
2022 жылы "Алтын-Емел" ұлттық паркінде жүргізілген санаққа сәйкес аумақта 12 жыланжегіш қыран бар. Бұл құс ҚР Қызыл кітабына енгізілген.
Оқи отырыңыз: Аққұйрықты бүркіттен бөктергіге дейін. Наурызым қорығын қандай құстар мекендейді?