"Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бұл туралы Әлеуметтік кодекс жобасында қарастырылған.
Сонымен қатар кодекс жобасында ана мен баланы қолдаудың бірнеше нормасы бар. Атап айтқанда:
- Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайтылады. Төлем алушы жұмысқа ерте шыққан жағдайда, оның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталады:
- Бала дүниеге келгенне дейінгі соңғы 2 жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-аналар жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады;
- 6 немесе 7-ден көп бала туып, тәрбиелеген көпбалалы аналарға құрмет ретінде наградталған аналар мәртебесі белгіленеді. Қазір олар бірдей мөлшердежәрдемақы алады;
- Мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетумен айналысатын жеке көмекшілерге зейнетақы тағайындау кезіндегі жұмыс өтіліне қосу үшін 2023 жылдан бастап зейнетақы жарналары жүзеге асырылады;
- АӘК алатын балаларға қосымша төлем белгілеу арқылы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтама монетизацияланады.
Оқи отырыңыз: Тамара Дүйсенова: Қазақстанда көп балалы отбасылар көбейіп келеді
"Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді және МӘСҚ-тен жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді, бала тууына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақыны, мемлекеттік бюджеттен жұмыс істемейтін әйелдер үшін және МӘСҚ-тен жұмыс істейтін әйелдер үшін жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға отбасының табысы есепке алынбай төленетін жәрдемақыны қамтиды", – деп жазылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ, әйелдерге баласы бір жасқа толғанға дейін орташа айлық табысының 10 пайызы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.