Алматылық көлік жүргізушілеріне екі ай бұрынғы айыппұлдар келіп жатыр

Ал құқық қорғау органдары айыппұлдың екі айдан кейін келуі қалыпты жағдай дейді.

Алматылық көлік жүргізушілеріне екі ай бұрынғы айыппұлдар келіп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жол ережесін бұзған азаматтар арасында тіпті тамыз, қыркүйектегі төлемдерді алғандар да бар екен. Әдетте ереже бұзған сәтте келетін хабарламаның бұл жолы бұлай тым кешуін жүргізушілер түсінбей дал.

Алматылық көлік жүргізушілерінде кешігіп келген айыппұлға қатысты сұрақ көп. Екі айдан асып жеткен төлемді техникалық қателікке санайтындар да жоқ емес. Өйткені, бұған дейін айыппұл туралы хабарлама жол ережесін бұзған бойда келетін еді дейді жүргізушілер.

"Маған бүгін айыппұл келді. Бір ай бұрын құқық бұзылған екен. Соны енді келіп тұрғанына таңғалып тұрмын. Уақытысында келсе ол қателікті қайталамауға тырысамыз ғой. Ал енді 1 айдан кейін кеп тұр, ұмытып та қалдық. Содан кейін тура сол жерден қате кетіп жатыр қайталанып", – деді Алматы қаласының тұрғыны Еркін Бексұлтанов.

Ал құқық қорғау органдары айыппұлдың екі айдан кейін келуі қалыпты жағдай дейді.

"Бір күннен кейін, 30 күннен кейін, тіпті 60 күннен кейін де нұсқамалар келіп жатады құқық бұзушылардың аттарына. Егер мерзімнен асып кетсе, екі айдан аса мерзім болса, онда бұл хаттамаларға шағымдануға құқылы азаматтар. Ол үшін полиция департаментіне, әкімшілік полиция басқармасын жүгіне алады. Мысалы, бүгін желтоқсан айы болса, ал, шілде айының нұсқамасы келіп жатса онда мұның күшін жоюға болады", – дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, айыппұл қай уақытта келсе де азаматтар 50 пайыздық жеңілдікті қолдана алады. Ал егер екі ай бұрынғы хаттамаларға келіспеген азаматтың құқық қорғау қызметкерлеріне шағымдануына болады.

Серіктестер жаңалықтары