Тікелей эфир

Алматыдан Алакөлге баратын жол ішінара ақылы болады

Келісімшартқа сәйкес жобаның аяқталу мерзімі – 2024 жылғы желтоқсан.

Алматыдан Алакөлге баратын жолдағы – Талдықорған – Қалбатау – Өскемен учаскесі толық реконструкциядан өткеннен кейін ішінара ақылы болуы мүмкін, деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметі. 

Жетісу облысындағы Үшарал-Достық учаскесін ақылы ету жоспарлануда. Тиісті шешімді Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі қабылдайды. Оның құны барлық ақылы жолдарға арналған есептік көрсеткіштерге сәйкес жыл сайын өзгеріп отырады. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш бір шақырымға бір теңгені құрайды. 

Компанияның баспасөз қызметі атап өткендей, республикалық трассаның бұл учаскесі тек жүк көлігі үшін ғана ақылы болады. Ал жеңіл автокөліктер тегін жүре береді.

Келісімшартқа сәйкес жобаның аяқталу мерзімі – 2024 жылғы желтоқсан. Қазіргі уақытта жол төсемінің реконструкциясы аяқталды. Мердігер болып табылатын халықаралық қытайлық компаниялардың біріне ауа-райына байланысты емес жұмыстарды орындау ғана қалды: қоршау, жарықтандыру тіректерін орнату, қалпына келтіру, шулы жолақтар салу және т.б. 

"ҚазАвтоЖолдың" Жетісу филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, Көлік министрлігі жол учаскелерінің бірі ақылы болатыны туралы құжатқа нысанды қабылдағаннан кейін – яғни, 2025 жылы қол қоятын болады. 


Оқи отырыңыз: Ыстықкөлге апаратын қысқа жол құрылысы қашан басталады? Көлік министрлігінің жауабы


Жолдың жағдайы 

Реконструкциядан өтіп жатқан "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" автожолының жалпы ұзындығы 768 шақырымды құрайды. Алматылықтар Алакөлге дәл осы жол арқылы барады. Тас жолы үш облысты қамтиды: Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан. Бұл республикалық трассамен тәулігіне 8 мыңға дейін көлік, оның ішінде 2500-3000 жүк көлігі өтеді.

"ҚазАвтоЖол" компаниясы журналистерге Жетісу облысынан өтетін 314 шақырымдық учаскенің реконструкциясын көрсетті. Жөндеуден өткеннен кейін жолдың 32 шақырымы төрт жолақты болды. Қалған 282 шақырым екі жолақты қалпында қалды, бірақ, әр жолақты тоғыз метрге дейін кеңейтті. 


Оқи отырыңыз: Алакөл, Балқаш әлде Каспий? Қазақстанда көл жағасында демалу қанша тұрады?


Сонымен қатар, жолда он санитарлық-гигиеналық торап орнатылады: онда дүкендер, жолаушылар мен жүргізушілер үшін душ пен дәретхана болады. Оның төртеуі пайдалануға берілді. Душтың құны 1000 теңгеден, дәретхананың құны 100 теңгеден аспайды. Қалған алты нысан 2024 жылғы қыркүйек айының соңына дейін іске қосылады. Сондай-ақ, трассада демалыс аймақтары ұйымдастырылады. 

Бұдан бөлек, мердігер Жетісу облысындағы Қойлық және Балапанов ауылдарының айналма жолдарын салып, сондай-ақ республикалық трасса өткен елді мекендердегі бұзылған жолдарды қалпына келтірді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі Ыстықкөлге апаратын қысқа жол құрылысына қатысты жауап берген болатын. Автомобиль жолдары комитеті қазіргі уақытта қазақстандық-қырғызстандық жұмыс тобы бірлесіп ұзындығы 280 шақырым болатын "Алматы – Ұзынағаш – Қастек – Михайловка – Шолпан-Ата" бағытының нұсқасын қарастырып жатқанын атап өтті.

Серіктестер жаңалықтары