Жол тораптары Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі және Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолында салынып жатыр. Алғашқы екеуінің құрылысы 2017 жылдан бері салынып, әлі аяқталмаса да қалада құны 5 миллиард 600 миллион теңге болатын тағы бір жолайрық пайда болады, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді. Мемлекет мұқтажына алынуы керек болған 101 жер телімінің 99-ы сатып алынған. Енді тек екеуі қалып отыр. Ұзындығы 186 метр болатын жолайрыққа 5 миллиард 400 миллион теңге жұмсалмақ. Құрылыс толығымен аяқталса, бұл жермен тәулігіне 200 мың көлік кедергісіз өтеді. Осы жермен жиі жүретін жүргізушілер кептелістің қажытқанын айтады.
Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайрық та төрт жылдан бері салынып келеді. Мұнда құрылыс үшін 262 жер телімі алынуы тиіс. Бүгінде 239 меншік иесімен келісім жасалған екен. Жоспар бойынша, Сейфуллин даңғылының бойына ұзындығы 491 метр болатын 2 жер асты өткелі салынады. Сонымен қатар, 4 жер үсті жүргінші өткелі тұрғызылмақ.
"2019 жылдан бері Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолының қиылысындағы жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл жер қолданысқа берілгеннен кейін, қала шетіндегі 350 мыңға тарта тұрғын қалаға еркін қатынай алады. Сондай-ақ, әуежайға жету де оңай болмақ", – деді Алматы қаласы мобильділік басқармасының бөлім басшысы Асан Бостанов.
Аталған 3 жолайрықтың құрылысына 34 миллиард 100 миллион теңге қарастырылған. Бұған қоса Алматыда құны 5 миллиард 600 миллион теңге болатын тағы бір торап пайда болмақ. Ол Саин мен Мөңке би көшелерінің қиылысында салынбақ. Жоспар бойынша соңғы аталған жолайрық 2023 жылдың маусым айында қолданысқа берілуі тиіс.
Бүгінде Алматыда 34 жолайрық бар. Жауапты мамандардың сөзінше, әуелде айтылған 3 жол торабы толығымен қолданысқа берілсе, аталған учаскелерде көлік ағыны 25 пайызға азаяды.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: