Алматы қаласындағы тәртіпсіздіктер барысында 1 600 бизнес субъектісіне 67,4 млрд теңге көлемінде зиян келді. Оның 95,4%-і (1 586) – 42,9 млрд теңгені құрайтын ШОБ субъектілері. Осы орайда, қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов бизнес иелеріне қандай жеңілдіктер жасалатынын айтты.
Алдымен, кәсіпкерлер өтініштерін растайтын құжаттарымен бірге infokazakhstan.kz порталы арқылы жіберуі тиіс. Шығындарды өтеу 3 бағыт бойынша жүргізіледі: жылжымайтын мүлік, жылжымалы мүлік, жабдықтар мен тауарлар.
"Өтініштерді қарастыру мақсатында әкім орынбасарының төрағалық етуімен өңірлік комиссия құрылады. Комиссия "Атамекен" ҰКП, кәсіби қауымдастықтар, мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдары және қаржы мониторингі агенттігімен бірлесе отырып әрекет ететін болады", – деп түсіндірді Мақсат Қиқымов.
Әкімдік өз тарапынан қосымша келесідегідей қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын көрсетеді:
- Зардап шеккен ШОБ субъектілерін 3 айға коммуналдық шығындардан босатады. Алматы қаласы әкімдігінің энергия тиімділігі басқармасы (электр энергиясы, су, жылу, газбен жабдықтау тек зардап шеккен субъектілерге) тұлғасындағы құрылымдық бөлімшесі арқылы шығындарды жергілікті бюджет есебінен жабу туралы шешім қабылдады;
- ШОБ субъектілерін 6 ай мерзімге коммуналдық нысандар бойынша жалға беруден босатады: 520 шарт – 366 млн теңге. Бұл шара тек зардап шеккендерге емес, қаланың коммуналдық нысандарының барлық жалға алушысына да қатысты.
- Зардап шеккен бизнеске жеңілдіктер беру бойынша жеке жалға берушілермен келіссөздер жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Алматының бес ауданында 22 қаңтардан бастап апта сайын азық-түлік жәрмеңкесі өтеді
"Мысалы, "Мәскеу Метрополитан" ірі сауда-ойын-сауық орталығы зардап шеккен жалға алушыларға таңдаудың 2 нұсқасын ұсынған: бірінші – 3 айға жалдау ақысынан 100% босату; екінші – жарты жылға 50% жеңілдік беру. Барлық зардап шеккен жалға алушылар жеңілдіктердің бірінші нұсқасын таңдады. "Променад" СО объектіні іске қосқаннан кейін жалдау ақысынан 3 айға босатады (бір шаршы метр үшін 1000 теңге мөлшеріндегі пайдалану шығындарынан басқа). Silk Way City сауда орталығында 3 нысан зардап шекті. Оның ішінде бір зардап шегуші бір жылға жалдау ақысынан 100% босатылды, ал қалған екеуі жабдықты қалпына келтірді", – деп бөлісті Мақсат Қиқымов.
Бұдан өзге "Пассаж" СО бір айға зардап шеккен 162 жалға алушыны толығымен төлемнен босатты. Қазіргі уақытта тағы бір айға босату мәселесі қосымша қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, Asia Park, City Center, "Арена" сауда орталықтары да осыған ұқсас жеңілдіктер ұсынды.
Еске салсақ, президент үкіметке шағын және орта бизнеске карантиндік шектеу шараларын жеңілдетуді тапсырғанын хабарлаған едік.