Алматы қаласында ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановқа арнап қойылған бюсттің ашылу рәсімі өтті. Аталған мүсін Қожанов пен Жароков көшелерінің қиылысында орналасқан. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері мен ғалымның туысқандары қатысты.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Ол саяси қызметін Ташкентте "Кеңес" атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. Бұдан кейін 1917 жылы Мұстафа Шоқай, Спандияр Ақаев, Қайретдин Болғанбаев және Құлахмет Қожықов сынды азаматтармен бірге "Бірлік туы" газетін шығарды.
1920-1924 жылдары Түркістан компартиясы ОК мүшесі, Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Түркістан республикасының ішкі істер халық комиссары, [алық ағарту халық комиссары, "Ақжол" газетінің редакторы болып қызмет етті.
1924-1925 жылдары қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, 1925-1926 жылдары БК/б/П ОК ұлт республикалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушысы, Мәскеу марксизм-ленинизм курсының тыңдаушысы, 1928 жылы БК/б/П ОК Орта Азия бюросының үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта-ирригация политехникалық институтының алғашқы директоры, 1931-1932 жылдары Орта Азия мақта орталығы басқармасының төрағасы, 1932-1933 жылдары Мәскеуде одақтық мақта өнімдері басқармасының орынбасары, 1933-1934 жылдары КСРО ХКС мақта тобы басшысының орынбасары, 1934 жылы кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілі болып қызмет атқарады.
Сұлтанбек Қожановтың шығармашылығында "Нені айтайын?", "Кім жауапкер?", "Көреміз!", "Шынға ұқсаған пікірлер", "Бұл кім?", "Тілмаштарға бір сын" т.б. өлеңдері мен Константин Бальмонт, Эзоп (Демьян Бедный тәржімесі) туындыларынан қазақша сөйлеткен аудармалары бар.
Публицист 1937 жылы 16 шілдеде ұсталып, 1938 жылы 8 ақпанда атылды.