Жер учаскелерінің иелеріне өтемақы төленеді.
Алматыда метро салу және көлік торабы құрылысы үшін жер телімдері мәжбүрлеп алынады. Бұл туралы қала әкімдігінің қаулысында жазылған.
Құжат бойынша, Наурызбай ауданындағы "Қалқаман" станциясынан "Барлық" базарына дейін құрылыс салу үшін сол аралықтағы жер телімдерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару басталады.
"Бұл аумаққа бірінші метро желісінің үшінші кезеңі нысандары мен көлік торабын салу көзделген. Жер телімдерін мәжбүрлеп иеліктен шығару 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады", – делінген хабарламада.
Жер учаскелерінің иелеріне заңда белгіленген тәртіппен өтемақы төленеді.