Алматыда күреспен айналысатын қыздар жүзге жетпейді – Қалалық күрес федерациясы

Омар Әлиев. Фото: Алматы күрес федерациясы
Омар Әлиев. Фото: Алматы күрес федерациясы
Федерация осы мәселені шешуге арналған жұмыстарды қолға алмақ.

Алматыда күрес түрлерінен жасөспірімдер мен жастар арасындағы (U-17, U-20) Қазақстан біріншілігі өтіп жатыр. Қалалық федерация президенті Омар Әлиев турнирдің өткізілу барысына және аймақ командасының алдағы жоспарларына қатысты өз ойын айтты, деп жазды Sportbugin.kz.

"Жоғары деңгейлі балуандарды дайындау үшін көп нәрсе қажет. Мұны кез-келген бапкер мен спортшы айтып бере алады. Біз осы чемпионатты өткізу үшін қолдан келгеннің бәрін істедік. Тіпті, біздің командамыз Азия мен әлем чемпионаттарына, жасөспірімдер ойындарына да дайын. Біз бар күшімізді жастарды дайындауға саламыз. Себебі, бізден, резервтен үміт күтіп отырғандар көп. Олимпиадаға бабымызбен дайындалудамыз, бұл ең маңызды белдесулер саналады", – деді Омар Әлиев.

Федерация президентінің айтуынша, еркін күреске қарағанда, грек-рим күресінің дамуы әлем бойынша ақсап тұр. 

"Қатысушылар саны жөнінен грек-рим күресі бүкіл әлемде ақсауда. Бұл жағдай Алматыда да, жалпы елде де байқалады. Ал еркін күреске келер болсақ, үйірмелер толып тұр. Мұндағы дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алматыда спорт мектептері де көп. Әрқайсында бәсекелестік жоғары. Сондай-ақ, біз тағы бір дәстүрді қолға алдық. Әр жұма сайын біздің күрестің ақсақалдары залға келіп, бір-бірімен күресе алады. Бұл да бәсекелестік тудыру үшін өте қажет", – деді ол.

Омар Әлиев әйелдер күресіндегі жағдайдың да алаңдататынын айтты.

"Бізде еркін күреспен 1000-нан аса, грек-рим күресімен 300-ге жуық, әйелдер күресімен 80-90 адам айналысады. Күрес дегенің шахмат немесе жүзу емес. Бұл өте қатал спорт түрлерінің бірі. Сондықтан, кез-келген адам, оның ішінде – қыздар, спортқа келе бермейді. Біз қыздарды ынталандырып, осы спорт түріне қызығушылық арттыруымыз керек. Біз бұл бағыттағы қызметімізді енді бастадық", – деді федерация басшысы.

Серіктестер жаңалықтары