Тікелей эфир

Алматыда кез келген қызметтің ақшасын төлеуге болатын көлік картасы жасалды

Интернет болмаған жағдайда, Bluetooth немесе QR-код арқылы төлем жасауға болады.

Алматылық компания интернет жоқ болса да, төлемдер мен аударымдар жасауға мүмкіндік беретін көлік картасын жасап шығарды. Интернет орнына Bluetooth немесе QR-код пайдалануға болады. 

"Өнім Avtobys деп аталады. Мұндай бағдарлама әлемде алғаш рет жасалып отыр. Google-ден бұған қатысты ақпарат таба алмадым. Мобильді қосымшаға кіріп көлік картасының ішіне ақша салғанда процесс электронды әмияндар арқылы жүзеге асады. Бұл үшін сим-карта интернеті пайдаланылады. Егер интернет жоқ болса, төлемді Bluetooth немесе QR-код арқылы жүзеге асыруға болады. Бірде-бір лицензияны араластырған жоқпыз", – деді Innoforce group ЖШС директоры Ханат Нұрекенов. 


Оқи отырыңыз: ONAY картасы жоғалса, қалай бұғаттауға және қайта жасатуға болады?


Бүгінде аталған төлем жүйесі Қазақстанның алты қаласында – Атырау, Семей, Ақтөбе, Павлодар, Екібастұз және Оралда жұмыс істейді.

Мысалы: 

  • Ақтөбеде бұл жүйемен қамтылғандар саны – 177 автобус;
  • телефондағы теңгерімді жол ақысы ретінде төлегендер – 94% жолаушы;
  • барлық жүргізілген транзакция – 87 мыңнан астам;
  • сондай-ақ, картамен төлеу мүмкіндігі бар, оның құны – 450 теңге.

Картаны негізінен онлайн төлем жасай алмайтын қарт адамдар сатып алады.

"Талдау кезінде жүйеміз енгізілген қалаларда жолаушылар саны көп болғанын көрсетті. Бұрын жолаушылардың 100%-ы жолақысын қол-мақол ақшамен төлесе, енді осылардың 90%-ы электронды тәсілге көшкен. Тек 3 айда осындай нәтижеге жетіп отырмыз. Сондай-ақ, алғаш рет көліктегі қорғалған планшетті қолдандық. Планшеттер ылғал мен суыққа төзімді әрі бұзуға келмейтіндей етіп жасалған. Олардың корпусын Қытайға тапсырыс беріп жасаттық", – деді Ханат Нұрекенов.


Оқи отырыңыз: Astra Plat көлік картасын қалай алуға болады?


Avtobys картасын Семей қаласының оқушылары жол ақысын төлеп қана қоймай, тамақ алған кезде де пайдаланып жүр. Пилоттық жобаға барлығы 50 мектеп қатысты. Қазір оны пайдаланушылар саны 1 миллионнан асты. Платформа жергілікті және халықаралық қызмет түрлеріне 2 мыңнан астам транзакция жүргізуге мүмкіндік береді.

Мұнымен қатар, бұл жүйе арқылы жергілікті атқарушы орган есептерді көтеріп, төлемнің өткенін және мемлекеттік қаржы мақсатты түрде жұмсалғанын көре алады. Бұл АӘК алатын оқушыларға қатысты.  

Серіктестер жаңалықтары