Тікелей эфир

Алматыда борышкерлердің пәтеріндегі ыстық суы өшіріледі

Алматының коммуналдық қызметі жылудың ақшасын төлемеген тұрғындардан сот арқылы қарызын өндіріп, толық өтелгенше пәтеріндегі ыстық суын өшірмек.

"Алматы жылу желілері" мәліметінше, қазір ыстық су мен жылудың қарызы 2,1 млрд теңгеге жетті. Кәсіпорын қызметкерлерінен құралған комиссия рейдтік іс-шара кезінде ыстық су беруді өшіреді.

Қаланың элиталы ауданындағы жеке тұрғын үй жыл басынан бері шамамен 133 мың теңге қарыз болған.

"Біз алдымен ескертеміз. Жылу жүйесінің комиссиясы аралап, сотқа дейінгі хабарлама береді. Бұл жағдайда біз бұл тұтынушыға мамыр айында сотқа дейінгі хабарлама бердік. Қарыз сомасы мен қарызды өтеуге тиіс кезді айттық. Бірақ ол 50 мың теңге көлемінде жартылай төлем жасады. Ал қарыз 132 мың теңге", – деді "Алматы жылу желілері" ЖШС жылу энергиясын жүзеге асыру жөніндегі басқарма басшысы Елена Локштейн.

Суы өшірілген соң үйдің иесі қарыздың өтелгенін мәлімдеді. Алайда белгілі болғандай, ыстық су өшірілген соң төлем жасалған.

Жылу желілері қызметкерлері бұл жағдай жиі кездесетінін айтады, бірақ заң – ортақ. Ыстық су өшірілген соң қайта қосу үшін ақы төлеуге тура келеді, содан кейін бригада іске кіріседі.

Қала орталығындағы мейрамханалардың бірі шамамен 5 млн теңге көлемінде қарыз болған. Алматы жылу желілерінің мамандарының айтуынша, өткен күзде кәсіпкердің кәсіпорнына ыстық су беру тоқтатылған. Сол кезде коммуналдық жұмысшылар оның жағдайын түсініп, ол қарызын теңдей етіп бөліп төлеуге уәде берді. Алайда бірнеше ай өтсе де, міндеттемесіе орындамады. Мейрамхана аумағына кіру рұқсат етілмеген соң қалалық желілерден өшіруге мәжбүр болды.

"Мұндай шаралар қарызын әдейі төлемеушілерге ғана қолданылады. Ыстық суды өшіруден бастап сот арқылы өндіріп алуға дейін компания өкілдері борышкерлерге жинақталған қарызы туралы және бірнеше ай бойы бірқатар басқа профилактикалық шара туралы міндетті түрде хабарлайды", – дейді "Алматы жылу желілері" ЖШС коммерциялық директоры Бағдаш Нұрсейітов. 

"Борышкерлерге ыстық су беруді тоқтату – бұл амалсыз қолданылған шара. Кәсіпорын мұндай шараға баруға мәжбүр, өйткені тұтынушылардың жылу ақысын төлемеуі алдағы жылыту маусымына толық дайындалуға, қыстан қысылмай шығуға кері әсерін тигізеді", – дейді Нұрсейітов.

Тұрғын үй кешеніндегі пәтердің бірінің иесі бірнеше ай бойы қарыз болды. Комиссияға тұрғын пәтер жалдап тұратынын, коммуналдық қызметтің ақысын үйдің иесіне жіберетінін айтты.

Биыл жыл басынан бері Алматыда жылудың ақшасын төлемеген 1610 абоненттің үйіндегі ыстық суы өшірілген. Бүгінге дейін компанияға жылу мен ыстық су үшін төлемеген 1212 тұтынушының активі бұғатталды, 355 банктік есепшот бұғатталды, төлемді уақытында төлемеген 165 азаматқа Қазақстаннан шығуға тыйым салынды.

Жылу жүйесінің қызметкерлері қарызды өндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын хабарлады. Сондықтан "АлЖЖ" ЖШС азаматтарды қарызын тез арада өтеуге және коммуналдық қызмет үшін төлемді уақытылы төлеуге жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары