Алматы қаласы Әуезов ауданындағы бес қабатты үйдің қабырғасында өрт сөндіруші-құтқарушы бейнесі салынды, деп хабарлады Алматы төтенше жағдайлар департаменті.
Мурал салу туралы шешімді Әуезов ауданы әкімінің аппараты Алматы қаласы төтенше жағдайлар басқармасымен бірге жиілеп кеткен табиғи өрттерді алдын алу шаралары аясында қабылдаған.
Мурал Шаляпин мен Саин көшелерінің қиылысындағы бес қабатты үйдің қасбетін безендірді. Композицияда ерлік пен батылдықтың символы болып табылатын өрт апатымен күресетін қазақ батырының бейнесі бар.
"Муралдың идеясы – халықтың назарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға аудару, қоғамда тіршілік қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру, өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының имиджін арттыру", – деп атап өтті ТЖД басшысы Руслан Қасыбаев.