"Сәби" қоры Steppe&World баспа үйімен бірлесіп "Сәби оқулары" жобасы аясында әлеуметтік балалар мекемелеріне қазақ тіліне аударылған әйгілі шетелдік және отандық кітаптарды сыйға тартты. Қор ұйымдастыру және кітап сөресін жасауды өз мойынан алса, ал Steppe&World баспа үйі 800-ден астам кітапты тегін беріп отыр.
Кітаптар ең алдымен 86 бала тәрбиеленіп жатқан SOS балалар ауылына табысталды. Ендігі кезекте Алматыдағы "Балдәурен" сауықтыру орталығына, № 1 облыстық балалар үйіне, "Жанұя" жетім балалаларға арналған арнайы кешеніне және балалар хосписіне таратылады.
Steppe&World баспа үйі – әлемдегі ең керемет шығармаларды қазақшаға аудару мақсатында жұмыс істеп жатқан танымал баспа. Баспа үйі шығарған кітаптардың 80%-дан астамы – балалар әдебиеті. Бүгінге дейін көптеген кітапты, оның ішінде әйгілі шығарма – "Хәрри Поттерді" қазақшаға аударды.
"Қайырымдылық жұмысты жақсы көреміз. Шағын баспамыз. Шамамыз жетпей қалатын жағдайлар болады. Десе де әлеуметтік қиын жағдайдағы балаларға басқалардан кем болмасын деген ниетпен осындай жоба бастауды жөн көрдік", – деді Steppe&World баспа үйінің директоры Раиса Қадыр.
Оқи отырыңыз: "Балалар кітапханасы" бағдарламасының тізімінде қандай кітаптар бар?
"Сәби оқулары" жобасына кез келген кәсіпкер үлес қоса алады. Баспа үйі әлеуметтік балалар мекемелеріне апаратын кітаптар пакетін әзірлеп береді.
"Сәби оқулары" жобасының негізгі мақсаты – жастар, әсіресе әлеуметтік осал топтағы балалар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Алдағы уақытта бұл жоба қазақ тіліндегі балалар әдебиетін халыққа кеңінен таныту, ілгерілету бағытында жұмыс істейді. Кітаптар Қазақстанның әртүрлі әлеуметтік мекемелеріне тегін таратылады.
16 жыл бұрын жарық көрген ұстаз, құрметті қоғам қайраткері Ділдә Матайқызының балаларға арналған ертегілер жинағы биыл қайта басылып шықты. Ділдә Матайқызының ертегілері де басқа кітаптармен бірге балалар үйіне берілді.