Тікелей эфир

Алматыда автобус аялдамадағы адамдарды қағып кетті: прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Дархан Ахметжанов "Бұзақылық" бабы бойынша ғана кінәсін мойындап отыр.

Алматыда автобус аялдамасында адамдарды қағып кеткен адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша прокурор айыпталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Дархан Ахметжанов абайсызда үш адамның өліміне әкеп соқтырған бұзақылық және көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету ережелерін бұзды деп айыпталуда.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, жасалған қылмыстың бұлтартпас айғақтары бар. Дархан Ахметжановтың қоғамдық көлік жүргізушісі Ермек Шөкебаеваны ұруға құқығы жоқ еді.

"Жүргізуші оның ар-намысына нұқсан келтірілген болса, онда ол дәлелдерімен тиісті органдарға хабарласуы керек еді. Ал сотталушы Ахметжановтың Шөкебаева оны балағаттады деген сөздерінде дәлел жоқ. Шөкебаева тарапынан балағаттау болған жоқ. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, мамандардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, оқиға болған жерді қараудың хаттамасы мен сызбасымен, айғақтармен, жол-көлік оқиғасының бейнежазбасымен дәлелденеді", – деді прокурор.

Ол сотталушының өкінбегенін және өз кінәсін толық мойындамайтынын баса айтты. Сондай-ақ, қылмыс кәсіби міндеттерін атқарып жүрген адамға қатысты жасалғаны атап өтілген. Сотталушы наркологиялық есепте тұрмаған немесе диспансерлік бақылауда болмағандықтан өз әрекетін толық бағалай алады.

"Сотталушы Дархан Маратұлы Ахметжановты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды және жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұраймын", – деді мемлекеттік айыптаушы.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда тағы бір сот отырысы тікелей эфирде көрсетіледі


2023 жылдың 22 желтоқсанында кешке автобус жолаушысы №7 қалалық аурухананың жанынан өтіп бара жатқан автобус жүргізушісін ұрып жіберген. Әйел есінен танып, басқарудан шығып кеткен автобус аялдамада тұрған адамдарға соғылып, сонымен қатар тоқтап тұрған төрт көлікпен соқтығысқан. Үш адам қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алды.

Серіктестер жаңалықтары