Алматы қаласының тұрғыны Ырысбай Әлімғазы өзінің үстінен заңсыз іс қозғалып, тергеуді жұмыстан бұрын шығып кеткен қызметкердің жүргізгенін айтып шағымданды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ырысбай Әлімғазының түсіндіруінше, дау бұрынғы әйелі Ырысбайдың үстінен арыз түсіргеннен кейін басталған. Оған баласын анасынан алып кетіп, қайтармады деген желеу. "Ол уақытта біз әлі ажыраспаған да едік" деген Ырысбай Әлімғазы үстінен түскен арыз бойынша тергеу жұмыстарын ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкері жүргізгенін айтады. Сәйкесінше, оның түсіндіруінше, құқық қорғау органдары экс қызметкерінің атынан қаулы, шешім шығарып отырған.
"Қылмыстық істі қозғаған және сотқа дейін жеткізген адам – жоқ адам. Бүкіл қылмыстық іс бұрын жұмыстан шығып кеткен адамның қолымен жасалған. Қылмыстық іс құрамы болмаса да, мені заңсыз соттап жібермекші болды", – дейді Ырысбай Әлімғазы.
Заңгер, құқық қорғаушы Тимур Ықсанов қоғамда мұндай заңсыздықтар белең алып бара жатқанын айтады.
"Біз жұмыс барысында заңсыз қозғалған істер мен жазықсыз жандардың түрмеге жабылуын жиі кездестіреміз. Әр үш істің біреуі жазықсыз жандарға қатысты. Қазіргі таңда тіпті істі жұмыс істемейтін, жұмыстан шығып кеткен тергеушілердің атынан жүргізетін тенденция қалыптасты. Ырысбай Әлімғазының ісі осыған мысал. Біз бұл істі қозғаған тергеушінің ол уақытта құқық қорғау органдарында жұмыс істемегенін анықтадық. Полиция департаментінің түсінік қағазында бәрі жазылған", – деді ол.
Бұл істің анық-қанығын білмек болған 31 арна тілшілері Алматы қаласы Алатау аудандық прокуратурасынан жауап та ала алмаған, ғимарат ішіне де кіре алмаған.
Дегенмен, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек тергеушінің ішкі істер органында жұмыс істейтінін және жұмыстан шықпағанын айтып, арна тілшілерінің сауалына жауап берді.
"Бұл істі зерттеген қызметкер Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкері екенін айту керек. Ол ішкі істер органдарынан ешқашан жұмыстан шықпаған", – деп жауап берді Салтанат Әзірбек.