Қалада алып-сатарлар нанды 300-380 теңгеден сатқан. Ал бөлкенің өз бағасы – 80 теңге, деп хабарлайды "Хабар24" арнасы.
"Соңғы бірнеше күнде бағаны себепсіз көтеру деректері тіркеліп жатыр. Кей алып-сатар нанды 300-380 теңгеден сатқан. Алайда бөлкенің өз құны – 80 теңге", – делінген хабарламада.
Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының жетекшісі Еркебұлан Оразалин брифинг кезінде қаладағы нан тапшылығын 3-4 күн ішінде шешетінін мәлімдеді.
Мұнымен қатар, ол 10 қаңтар күні тағы бір нан зауытының жұмысын қайта бастайтынын мәлімдеді. Қалған наубайханалар біртіндеп іске қосылады.
"Алматыда бүгін әлеуметтік нан тапшылығы байқалды. Негізгі өндіруші "Ақсай нан" төтенше жағдай кезінде нан өндіру көлемін 2 есе қысқартқан. Супермаркеттерге нан жеткізу тоқтап, шағын маркет иелері нан алу үшін зауытқа баруға мәжбүр болып отыр", – деді телеарнада.
Еске салсақ, қазақстандықтар такси мен отын бағасына шағымдана алатын "жедел желілердің" іске қосылғаны туралы хабарлаған едік. Аталған "жедел желілер" тәулік бойы жұмыс істейді.