Алматыда бірнеше сауда ойын-сауық орталықтары жұмыс істей бастады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов брифингте мәлімдеді.
"Қалада 117 супермаркет бар. Жаппай тәртіпсіздік кезінде оның 31-іне зақым келді. 10 азық-түлік базары жұмыс істеп тұр, оларға еш зиян тимеген. 11 қаңтарда Алматыда алты СОС жұмыс істей бастады: Grand Park, Dostyk Plaza, "Ритц Палас", Globus, "Спутник", Almaty Mall. 14 сауда ойын-сауық орталығын жаңғырту керек, олардың ішінде "Москва", "Азиа парк", "ЦУМ", "Алмалы", "Максима" және т.б орындар бар. Esentai Mall ашылуды әзірге көздемейді. Mega Park осы аптада ашылып қалады", – деді Мақсат Қиқымов.
12 қаңтарда тағы алты СОС жұмысын бастауға дайын: Mega Park, Atakent Mall, "Март", Silk Way City, Forum, Алатау.
Қалада 312 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді. Олардың жұмыс кестесі – сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. 11 қаңтардан бастап тағы 450 кафе мен мейрамхана ашылуы керек. Төтенше жағдай режиміне байланысты ішімдік сатылмайды.
Сондай-ақ, Алматыда 11 қаңтарда "Барахолкадағы" базарлар да жұмысын бастайды.