Алматыда ауқымды фестивальдердің бірі – Сходим Фест өтті. "Давай сходим!" медиатобының он жылдығына арналған ауқымды шараға шамамен 4 мыңдай адам жиналды.
Сходим Фест сахнасында ARO, jeltoksan., Mofashi, Otynkhan, Darkhan Juzz, Ziru, Yenlik, Moldanazar және басқа да артистер өнер көрсетсе, фестиваль хедлайнері – Orda және Ninety One топтары болды.
"Жанкүйерлер жақсы демеу беріп, әнімді бірге шырқап жатыр. Бұл маған үлкен күш, сенімділік береді. Ұйымдастыру жағынан да, барлығы жағынан да Сходим Фест жақсы деңгейде өтті. Moldanazar лейблін әрдайым қолдап жүретін достарымызға алғысым шексіз. Барлық жерде әндерімді таратып жүреді. Солардың арқасында тыңдарманым көбейді", – деді Orynkhan.
Концерттік бағдарламадан өзге Сходим Фест қонақтары квестке қатысып, фестиваль серіктестерінен жүлделер ұтып алды. Би баттлда бишілерге, битбокстан Қазақстан чемпионатында битбоксшылардың өнерін тамашалап, қолдау білдірді.
Тамақтанатын аймақта фестиваль қонақтарына 20-дан астам мейрамхана мен бар қызмет көрсетті. Ал фестиваль базарында ерекше сыйлық іздегендерге қаланың үздік шеберлерінің эксклюзив суреттері, қолөнер бұйымдары мен дизайнерлік киімдері қойылды.
"Кішігірім іс-шаралар өткізуде тәжірибеміз бар. Барлық қала тұрғындарын таң қалдыратын ауқымды шара өткізуді армандадық. Фестиваль мүмкіндігінше қызық, пайдалы өтуі үшін командамен үлкен жұмыс атқардық. Біз фестивальдерді жаңа деңгейге шығаруды, көрермендер арасында саналы болу мәдениетін насихаттауды мақсат еттік. Сондықтан біз эко-серіктестерімізді және тату қайырымдылық қорларын тарттық. Біз қазақстандық фестивальдердің дамуын, өркендеуін қалаймыз. Мүмкіндігінше экологиялық, инклюзивті етіп өткізгіміз келді. Бұл қолымыздан келгеніне қуаныштымыз, өте толқып тұрмыз. Одан әрі ынтымақтастық пен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз", – деп бөлісті жобаның негізін қалаушылардың бірі Бақдәулет Бекжанов.
"Сходим Фесттің" басқа фестивальдерден ерекшелігі – бұл алаңда әртүрлі шара өтеді. Сүйікті әншілерін тыңдап қана қоймай, ұнаған затын сатып алуға, суға түсуге, конкурстарға қатысуға, дәмді тамақтанып, тіпті ұйықтап алуға да болады.
"Өзге фестивальдердің кемшіліктерін ескеріп, қайталанбас фестиваль өткізгіміз келді. Біз серіктестерімізге сенім артып, қолдау білдіргені үшін, ал тамаша аудиториямызға жағымды және пайдалы пікірлері үшін алғыс айтамыз. Сондай-ақ, көрермендерден фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде өтсе деген тілек естіп жатырмыз. Қазірдің өзінде жұмыс істеп жатырмыз. Бізбен бірге болып, жаңалықтарымызды оқып жүріңіз. Алда талай қызық бар", – деді Бақдәулет Бекжанов.
Сходим Фест "Давай сходим!" медиатобы үшін жаңа кезең деуге болады. Былтыр sxodim.com жеке билет сервисін іске қостық және биыл Сходим Фест фестивалі медиатоп экожүйесінің дамуының қисынды жалғасына айналды.
Фестиваль қонақтары қалдықтарды сұрыптауға атсалысты. Фестивальдің эко-серіктестері Recycle Birge арқасында шара барысында 2 500-ден астам алюминий құты (жалпы салмағы шамамен 38 келі), 85 келіден астам пластик, 28 келі макулатура және 94 келі шыны кәдеге жаратылды.
"Сходим Фесттен ұйымдастыру жағынан керемет тәжірибе алдық. Біз Қазақстандағы фестиваль мәдениетінің өсуіне мұрындық болып, деңгейін бір саты жоғары көтердік. Жобада ұйымдастырушылардың үлкен командасы, 50-ге жуық волонтер, тағы 50 техникалық қызметкер жұмыс істеді. Жастар би билеп, сүйікті әндерін қосыла шырқайтын қауіпсіз алаң жасауға төрт ай дайындалдық. Келесі Сходим Фест бұдан да ауқымды әрі қызықты болады. Дайындықты күзде бастаймыз", – Lincoln Company фестивальдің ұйымдастыру бойынша серіктестері Сергей Сек пен Юлия Рахметова.
"Дворянское собрание" приюті жануарларға арналған қаумал салуға және оны жылытуға 80 мың теңгеге жуық қаражат жинады. Connect-Ed қоры жинаған 62 мың теңге ауылдық жерлердегі балаларға техникалар жеткізуге жұмсалады. Даун синдромымен ауыратын балалар мен жасөспірімдерге көмектесетін "Күн Бала" қоғамдық қоры Сходим Фест аясында 100 мың теңгеден астам қаражат жинады. Жиналған қаражаттың барлығы түзету орталығын ұстауға жұмсалады.
Келушілерді кіре берісте фестиваль серіктесі inDriver аймағы қарсы алды. Сервис қызметтерін пайдаланған Сходим Фест қонақтары арнайы жасыл дәлізден өтіп, кезексіз әрі жеңілдік билетпен кірді.
Фестивальдің бас ақпараттық серіктесі – TikTok. "Давай сходим!" медиатобымен бірге TikTok #меніңелімде хэштегімен жарнама науқанын бастады. Хэштег қазақстандықтардың ең жарқын видеоларын біріктіріп, қазірдің өзінде 730 мың астам қаралым жинады. Фестиваль туралы #сходимфест хэштегімен түсірілген видеоны 85 мың астам адам көрді.