Үнді штамының кері әсері, алдымен, жастар мен қарияларға тиеді. Қазір елімізде оны 14 жасқа дейінгі балалар мен 60 жастан асқан азаматтар жиі жұқтырып отыр, деп мәлімдеді Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.
Ол коронавирустың "Дельта" штамының балалар мен қариялар үшін қаупі жоғары екенін атап өтті.
"Бес жастан кіші балаларға қатысты маска режимін алып тастадық. Бұрын базистік штамм болып, оның теріс әсері балаларға көп тие бермейтін. Нақты цифрлар келтірсек, 14 жасқа дейінгі балалардың ішінде коронавирус жұқтырғандар саны 4%-ға, ал 60 жастан асқан ересектер арасында 6%-ға өсті. Бұл аталған штамның қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді", – деді Жандарбек Бекшин.
Әрі қарай Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау департаментінің жетекшісі Ashyq қосымшасының көптеген адамды ауру жұқтырудан аман сақтап қалғанын айтты. Аталған қосымша 16 жастан асқан азаматтар үшін ғана арналса да, балалардың коронавирус жұқтырған-жұқтырмағанын тексеру жолы бар.
"Бүгінде біздің заңнама Ashyq қосымшасына коронавирусқа шалдыққан балаларды кіргізуге рұқсат бермейді. Бірақ, балалар ауырса, олар да Ashyq қосымшасына енуі мүмкін – барлық вирус жұқтырушы тізімделген ортақ портал бар. Біз порталдан мәлімет алып, келушілердің ішінде бар-жоғын қараймыз", – деді дәрігер.
Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин 10 маусымнан бастап Ashyq қосымшасы арқылы 160 адамның ауру жұқтырғанын анықтағанын айтты.
"Олар инфекция таратушы болуы мүмкін. Жүйенің әсерлілігін көзбен көріп отырсыз. Жүз алпысты беске көбейтіңіз. Бұл жоқ дегенде 900 адамды ауру жұқтырудан аман алып қалдық деген сөз", – деді Бекшин.
Мұнымен қатар, ол республикадағы эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, вакцинаны коронавирус жұқтырған соң 3 айдан кейін салдыруға болатынын еске салды. Бұған дейін арада алты ай өткен соң ғана рұқсат берілетін.
Оқи отырыңыз: Алматыда Ashyq жобасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілердің тізімі жаңарды
Еске салсақ, Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, 2021 жылғы 28 маусымдағы жағдай бойынша, 1 686 адамда коронавирус індеті ПТР тест арқылы расталғанын мәлімдеді. Ел бойынша ауырғандар саны – 419 800 адам. Сонымен қатар, соңғы тәулікте Қазақстанда 1 181 адам коронавирустан жазылып шықты.
Елімізде 2021 жылғы 28 маусымдағы мәлімет бойынша, вакцинаның I компонентін – 3 165 155, II компонентін 1 905 062 адам салдырды.