Алматыда 11-15 желтоқсан аралығында жұмыс істейтін жастар, яғни 35 жасқа толмағандар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге өтініштер қабылданады, деп хабарлады қала әкімдігі.
Өтініштер мен құжаттар Kezekte.kz сайты арқылы қабылданады. Оған Халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болатын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіруге болады. Бағдарламаға қатысушыларға Наурызбай ауданынан 2100 пәтер беріледі.
Қатысушының кемінде орта білімі болуы және Алматы қаласында кемінде үш жыл жұмыс істеп, тұрақты тіркелген болуы қажет. Өтініш берушінің 14 жасқа толған және одан жоғары отбасы мүшелері де қалада тұрақты тіркеуде болуы керек.
Оқи отырыңыз: "30/70" тұрғын үй несиесі: Қалай 90 млн теңгеге дейінгі сомада ипотека алуға болады?
Отбасының соңғы бес жыл ішінде жеке баспанасы болмауы немесе оны сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз жалға алмау керек. Соңғы алты айдағы айлық табысы 40 АЕК, яғни 138 мың теңгеден кем болмауы керек. Сондай-ақ, өтініш берушінің банкте жинақ шоты болуы керек.
"Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады.Балдарды беру критерийлері, сонымен қатар қажетті құжаттар тізімі сайтта орналастырылған. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін бағдарлама қатысушылары жеке кабинет арқылы өз беттерімен нәтижелерді бақылайды", – деп атап өтті әкімдік.
Сұрақтар бойынша мына телефондарға хабарласуға болады: +7 (727) 225 14 52, +7 (727) 225 14 37.