Таңертең қайғылы оқиға орнына айналған Алматының орталығындағы хостелден эвакуацияланғандар жақын маңдағы екі хостелге орналастырылды, деп хабарлады Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев.
"Барлық шаралар қабылданды, қазір біз сол жаққа қарай бара жатырмыз. Кімге не керек, ең қажетті заттардың тізімін жасап, тез арада қамтамасыз етеміз", – деді аудан әкімі.
Зардап шеккендер ауруханада жатыр. Хостелде тұрып жатқандардың жеке басы анықталуда.
"Біздің білуімізше, ол жерде жастар тұрып жатыр: студенттер немесе жұмысшылар. Эвакуацияланғандар арасында Үндістан немесе Пәкістан азаматтары, медициналық университет студенттері бар екенін көрдік", – деді Жәкібаев.
Кейін аудан әкімдігі жатақханада Пәкістан азаматтарының да тұратынын растады.
Оқи отырыңыз: Алматы орталығында хостел өртеніп, 13 адам қайтыс болды
30 қарашада сағат 5.30 шамасында Әди Шәріпов көшесіндегі жатақханада өрт шықты. 72 адамның 59-ы өз бетімен эвакуацияланды, 13-і тұншығып, қаза тапты. Аман қалған үш адам ауруханаға жатқызылды.