Тікелей эфир

Алматы облысының әкімі ауқымды шаралардың туризм үшін маңыздылығы қандай екенін айтты

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Қонаев қаласында туризмнің арқасында 34 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Былтыр Алматы облысында туризм саласында 21 жоба жүзеге асырылып, 9,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Көрсетілген қызмет көлемі 1,4 есе өсіп, 6,6 млрд теңгені құрады. Осы орайда облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев өңірде туризмді дамыту үшін қандай шаралар қолға алынғанын атап өтті. Мұнымен қатар, ол фестивальдер мен халықаралық жарыстарды өткізудің маңыздылығына тоқталды. 

"Жетіген" ірі көлік-логистикалық орталығы, айналма жолдағы дүкендер мен қоймалар

2022 жылы "Іле-Алатау", "Шарын", "Көлсай көлдері" ұлттық парктеріне бір миллионға жуық турис келген. Облыс басшысының айтуынша, қазіргі таңда тау-шаңғысы орындары тәулігіне 7,5 мың адамды қабылдаса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 мыңға дейін жеткізу мүмкіндігі бар. 

"Облыс логистиканы дамыту үшін өте қолайлы. Жуырда "Жетіген" ірі көлік-логистикалық орталығы ашылды. Теміржол желісінің бойында орналасқан нысан жүк тасымалдау үшін неғұрлым тиімді. Сондай-ақ Үлкен Алматы айналма жолының маңынан жүк қоймасы нысандары мен Outlet-тер орналастыру үшін инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық бар", – деді Марат Сұлтанғазиев. 

Фото: Informburo.kz \ Саты шатқалындағы жаңа маршрут

Әрі қарай Марат Сұлтанғазиев жаңа облыс орталығы Қонаев қаласының дамуына тоқталды. Айтуынша, қаланың бас және алдағы бес жылға арналған кешенді жоспары әзірленіп, мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтуде.

"Қала халқының саны бір жыл ішінде 10 мың адамға ұлғайды. Көшіп келген сәттен бастап-ақ қаланың тіршілік инфрақұрылымы мен объектілерін жаңғыртуға ерекше назар аудардық. Мысалы, өткен жылы 35 шақырым инженерлік және жол инфрақұрылымы жөнделді (11 км жол, 14 км электр желілері, 10 км сумен жабдықтау және кәріз), 65 қалалық нысандар абаттандырылды (17 аула, 5 спорт алаңы, 10 саябақ пен сквер, 33 қасбет пен шатыр), 900 орындық мектептің, жеке инвесторлар есебінен көппәтерлі 43 үйдің құрылысы жүргіп жатыр. Мемлекеттік-жеке серіктестік механизмімен сорғы станцияларын қайта жөндеу жүзеге асырылуда, белгілі урбанистермен қалалық жағажайды жайластыру басталды", – деді облыс басшысы. 


Оқи отырыңыз: Көлсай мен Қайыңды туризмі: Саты шатқалында жаңа экологиялық маршрут ашылды


Сонымен қатар, кешенді жоспар аясында әкімшілік ғимараттар, көпқабатты тұрғын үйлер, кардиологиялық орталық, дарынды балаларға арналған мектептер, колледждер, драма театр, конгресс-холл, мұражай, стадион, спорт кешендері сияқты ірі нысандар салу көзделгенін атап өтті. 

Фото: Informburo.kz \ Apple house кешенінің алма бағы. 

"Агломерация ауқымы 100 километрге дейін кеңейіп, 4 млн халықты қамтиды"

"Жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдары шоғырланған академ қалашығы жастарды тартуға және халықаралық деңгейдегі білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге септігін тигізеді. Нәтижесінде, Қонаев қаласы дамыған іскерлік, қаржылық, ғылыми және туристік орталығы бар еліміздің өсу нүктесінің біріне айналуы сөзсіз. Болашақта G-4 City, Қонаев қаласын қоса алғанда, агломерация ауқымы 100 километрге дейін кеңейіп, 4 млн халықты қамтитын болады. Биылғы жылдың маңызды оқиғасы – G-4 City аумағында 30 мың гектарды құрайтын еліміздегі ең ірі арнайы экономикалық аймақтың құрылуы болды", – деді әкім. 

Жоба толық жүзеге асқанда 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция келіп, 3,2 трлн теңге салық түседі деп жоспарланып отыр. Мұнымен қатар 34 мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар. 


Оқи отырыңыз: 700 мың теңгемен басталған бизнес. Ауыл кәсіпкері қалай агротуризмді дамытып отыр?


Бұдан өзге облыс басшысы Қытай, Оңтүстік Корея секілді елдерден қазірдің өзінде туристердің көптеп келіп жатқанын айтты. 

"Алматының туристік агенттіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда Шонжы ауылына барғанымызда демалыс орнының иесі 70 автобус сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты. Қытайдың 8 туристік компаниясымен келісімге келген екен. Яғни қытайлық туристерді өзінің демалыс орнына қондырып, кейін Көлсай секілді көрікті жерлерді көрсетіп, казиноға алып барады. Жаңа Түркиядан туристерді тарту туралы ұсыныстар айтылды, біз ол жақпен қуана-қуана жұмыс істейміз. Бізді Түркиядан туристер тарту ғана емес, олардың өндірісі де қызықтырады. Осы орайда шетелдік компанияларды инвестор ретінде тартуға болатын еді", – деді Марат Сұлтанғазиев. 

Ауқымды шаралар өткізудің маңызы

Сондай-ақ облыс басшысы Қонаев қаласында өтетін әуе шарлары фестиваліне қатысты сынға жауап берді. Айтуынша, жарнама берушілердің арқасында шығын айтарлықтай азаюы мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы қалай түрленді? Фотоайғақ


"Қонаев қаласы бірінші кезекте туризмді дамыту үшін бағытталып отыр. Сол себепті халықаралық деңгейде қала танымалдылыққа ие болуы үшін осы секілді фестивальдер өткізу қажет. Әуе шарлары фестивалі өтетіні туралы хабарлағанымызда жарнама берушілер саны көбейді. Яғни көптеген табысты компания өз атауының сол шарларда жазылғанын қалайды. Осының арқасында бюджет ақшасы үлкен көлемде үнемделеді деп ойлаймын. Жалпы туристік өңірлерде мұндай шаралар жиі ұйымдастырылатын болады. Өткен айда Оңтүстік Корея көрмесіне туристік компанияларымыз қатысты. Облысымыз ең үздік таныстыру марапатын иеленіп, шетелдік туристердің бірінші легі келіп қайтты. Бұл Оңтүстік Кореядан жұмыс визасымен келгендер емес, арнайы Қазақстанды көру үшін келген туристер", – деді Марат Сұлтанғазиев. 

Фото: Informburo.kz \ "Шарын" каньоны

Сондай-ақ ол қазір бар инфрақұрылыммен жұмыс істеуге болатынын, жүгіру марафоны ұйымдастырылған кезде әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған спортшы келгенін атап өтті. 


Оқи отырыңыз: 7 адамның құшағы әрең жететін ағаш. Шарын ерен тоғайынан фоторепортаж


"Жүгіру марафонын ұйымдастырғанымызда тек спортшылар емес, олардың жанкүйерлері және марафон сүйер қауым да келді. Оларға облысымызды барынша көрсетуге тырыстық. Осылайша бастапқыда турист болып келген азаматтар, кейін инвесторға айналады", – деді облыс әкімі. 

Серіктестер жаңалықтары