Алматы облысында Талғар агробизнес және менеджмент колледжі студенттерінің ғимаратқа ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бейнежазбада студенттердің қабырғаларды ақтап, батареяларды сырлаған, асхана жабдықтарын тазалап отырған сәті түсірілген.
Асхана меңгерушісі нысанда тазалық жұмыстары жүргізілгенін, бірақ оған студенттер қатыспағанын айтты.
"Бұл жерді сүріп-тазалау үшін Алтын орда базарынан екі Қарақалпақстан азаматын алып келдім. Әрқайсысына 15 мың теңгеден төледім", – деді асхана меңгерушісі Қуатбек Мырзагелдиев.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда колледж студенттерінің стипендиясы 50% көбейді
Колледж директоры студенттерді сабақ уақытында жұмысқа тартпағандарын айтты. Студенттер тек сенбілік кезінде өзі білім алатын оқу ордасының маңайын тазалауға шығып тұрады.
"Мұндай тазалау жұмыстары сенбілікте, ара-арасында болып тұрады. Мына жерде өздерінің ұстаздары қызмет етіп жатыр, оларға неге келіп көмектеспеске? Балаларды еңбекке баулудан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын", – деді Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Динара Бұларбекқызы.
Директордың айтуынша, бұл жерде қысым немесе мәжбүрлеу болған жоқ. Көмектесуге ниетті әр мұғалім, не студент қалауынша қол ұшын созуға құқылы.