Тікелей эфир

Алматы облысындағы демалыс орындары заңсыз қоқыс үйінділерінің көбеюіне себеп болып отыр

Фото: Алматы облысы бойынша экология департаменті
Фото: Алматы облысы бойынша экология департаменті
Полигондар ірі қара мал мен кеміргіш жәндіктердің жайылымына айналған.

Алматы облысы бойынша экология департаменті өңірдің Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарындағы заңсыз және заңдастырылған қоқыс полигондарының қазіргі ахуалы сын көтермейтінін хабарлады. Қоқыс үйінділеріне рейд жасаған департамент басшысы Қонысбек Байеділов экологиялық заңсыз қоқыс орындарын жоюды және тұрмыстық қатты қалдықтарды басқаруды дұрыс жолға қоюды тапсырды.

Дардамты ауылы маңындағы қоқыс үйінділері

Заңсыз қоқыс үйінділері ені 10-25 метр, ал ұзындығы 8-10 шақырым болатын аумақты алып жатыр. 10 жылдан астам уақыт көлемінде кішігірім жыра сайды жағалап, қалдықтар қалай болса солай, бейберекет төгіліп келген.

Заңсыз қалдықтар алаңы кеміргіш тышқан, егеуқұйрық жәндіктердің, ит-құстың және ірі қара малдардың жайылымына айналған. Атмосфералық ауаның, жер бетінің, жер қыртысының, жер асты суларының ластануына әкеп соғып, климаттың өзгеруіне, ауа температурасының  көтерілуіне, неше түрлі аурулардың, оның ішінде аллергия және жұқпалы  аурулардың таралуына, өсімдіктер және жануарлар әлеміне кері әсерін тигізіп отыр. 

Ірі көлемдегі заңсыз қалдықтардың пайда болуына 100-ден астам "Ыстық су" демалыс орындарының шоғырлануы себеп. Қоқыс түнгі уақытта тасымалданатыны анықталды.

Фото: Алматы облысы бойынша экология департаменті 

Шонжы ауылындағы заңдастырылған тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны

Полигонға бөлінген 8 гектар жер телімі  толып аузы-мұрнынан шығып, қоршаулары  қоқыстың астында қалып көміліп, көрінбей қоқыстар 12-15 гектар жерге  жайылып, жанында орналасқан бейіт-мүрдені және жеке тұрғын үйлердің  аулаларын, атмосфералық ауаны, жер асты суларын ластап отыр. Кеміргіш жәндіктердің, ірі қара малдардың жайылымына айналған.

Негізінен, жергілікті атқару органдары тарапынан ҚР Экологиялық кодексі талаптарының орындалуы қамтамасыз етілмеген. Департамент басшысы аудан басшылығына қатаң ескертпе жасап,  жылдамдатып іс-шара жоспарын құрып заңсыз қоқыс орындарын жоюды және тұрмыстық қатты қалдықтарды басқаруды дұрыс жолға қоюды тапсырды.

Шелек ауылының солтүстік батысында орналасқан заңсыз қоқыс үйінділері

Заңсыз қоқыс алаңы 30 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Басында қоқыс алаңы 3 гектардан басталып, бүгінгі күні 7 гектарға жайылған. Биіктігі – 4-5 метр. Жыл сайын неше дүркін өрт мәселесі туындаған.

Сонымен қатар, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шелек ауылының атмосфералық ауасының, жер асты суларының ластанып, нешетүрлі аурулардың таралуына  септігін тигізуде. Ешқандай қарапайым инфрақұрылым, оның ішінде қоршау, күзет, түнде жарықтандыру мүлде жоқ. 

Заңсыз қоқыс көлемі күннен-күнге өсуде, экологиялық, эпидемиологиялық, құрылыстық талаптар  орындалмаған, сақталмаған. Қоқыстарды сұрыптау, бөлек жинау, қайта өңдеу, жою мәселелері әлі күнге дейін шешілмеген. Жергілікті атқару органдарының тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудағы тұжырымдамалары, нақты іс-шара жоспарлары жоқ. 


Алматы облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, жалпы облыста 375 заңсыз қоқыс төгетін орынның 370-і жойылған.  

Серіктестер жаңалықтары