Тікелей эфир

Алматы облысында қаңтарылып бос тұрған жүздеген қоғамдық көлік табылды

Тұрақтағы автобустардың қолданысқа берілгеніне небәрі сегіз жыл болған.

Бірнеше жыл бұрын ғана шаһарға жеткізілген қоғамдық көліктер жүруге жарамды. Тек жұрттың игілігі үшін қыруар қаражатқа алынған автобустардың қаладан шалғайда орналасқан тұраққа жеткізілуінің өз себебі бар, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро апараттық бағдарламасы.

Тұрақта тұрған 300-ге жуық қоғамдық көлік АлматыЭлектротрансқа тиесілі. Компания өкілдері қала экологиясын жақсарту мақсатында ескірген және дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктерді басқа өңірлерге жіберуге дайындап жатқандарын айтты. Қайназар ауылындағы бұл орын уақытша қоюға арналған.

«Қоғамдық көлікті экологияландыру жобасы шеңберінде 2023 жылы Алматы қаласының әкімдігі серіктестік үшін газ отынымен жүретін 600 жаңа автобус сатып алды. Бұл ретте дизельдік автобустар қала айналымынан шығарылып өңірлерге жіберілетін болады. 2012 жылғы 75 троллейбус және 2016-2018 жылдардағы әртүрлі маркадағы 207 бірлік автобус тұр», – деп жауап жазды "Алматыэлектротранс" ЖШС баспасөз қызметі.


Оқи отырыңыз: Алматыдағы №92 бағытта жаңа автобустар жолға шықты


Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысына қарасты Жетіген кентінде де қаңтарылып тұрған автобустардың тұрағы анықталған еді. Автопарк қызметкерлері енді сол қоғамдық көліктер де осында жеткізіп, есептен шығару рәсіміне дайындайтынын айтты. Жөнге келген көліктер кейіннен саудаға шығарылады.

Серіктестер жаңалықтары