Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы бойынша өкілдігі Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы "Хидаят" мешітінде болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Бұған дейін аталған мешітте намаз оқу кезінде мешіт имамының кішкентай баланы ұрып жібергені бейнеленген видео әлеуметтік желіде тараған болатын.
"Келеңсіз оқиғадан кейін Еңбекшіқазақ ауданының әкімшілік қызметкерлері, Шелек ауылының тұрғындары, дін қызметкерлері, мешіт жамағаты және баланың ата-анасының қатысуымен арнайы кездесу өтті. Жиында имам қателігін мойындап, баланың ата-анасынан, сондай-ақ көпшіліктен кешірім сұрады. Баланың заңды өкілдері имамның кешірімін қабыл алып, екі тарап өзара бітімге келді", – делінген ҚМДБ Алматы облысы бойынша өкілдігінің хабарламасында.
Хабарламадан белгілі болғандай, балаға қол жұмсаған имам бас мүфтидің бұйрығымен қызметтен босатылды.
ҚМДБ аталған оқиғадан тиісті қорытынды шығарғанын және баланы ұрған дін қызметкеріне шара қолданылғанын хабарлады. Бас мүфтидің бұйрығымен "Хидаят" мешітінің имамы жұмыстан шығарылды.