Алматы облысында пандемия басталғалы екпенің I және II компонентін салдырған соң 803 адам коронавирустық инфекция жұқтырды. Бұл туралы Алматы обылысының денсалық сақтау басқарма басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда Алматы облысында барлығы 47 082 жағдай тіркелді. Олардың ішінде 665-і – жүкті әйелдер. Осылардың 143-і стационарда ем қабылдап жатыр, тағы 49-ы үйде емделуде. Мұнымен қатар, екпе салдырған соң 803 адам коронавирустық инфекция жұқтырған. Бұл жалпы ауырғандардың 0,1%-ын құрайды. Біз жүргізген статистика бойынша, негізінен екпе салдырмаған адамдар ауырып жатыр", – деді Арман Жансеңгіров.
Сондай-ақ, ол өңірдегі 773 155 адамның екпенің I компонентін, 716 000 адамның II компонентін салдырғанын айтты. Жалпы 990 683 адам вакцинаның II компонентін де салдырған.
"2020 жылы пандемия басталғалы 274 адам коронавирус жұқтырған соң көз жұмды. Олардың ішінде 188-інің немесе 66%-ының басқа созылмалы ауруы болған", – деді Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, 2020 жылы пандемиямен күреске, оның ішінде адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарды дезинфекциялау жұмыстары үшін барлығы 350 млн теңге, ал биыл бұл бағытқа 250 млн теңге бөлінген.