Нұр-Сұлтанда оқушылар – 31 қаңтарға дейін, колледж және университет студенттері 6 ақпанға дейін қашықтан оқуға көшіріледі, деп хабарлады қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова қала әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
– Білім орталықтары, ересектер мен балаларға арналған үйірмелер, балаларды дамыту орталықтарының қызметі онлайн форматқа көшірілсін. Ұжымның вакцина алғанына қарамастан мемлекеттік орган және ұлттық компания қызметкерлерінің кем дегенде 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілсін,– деді Сархат Бейсенова.
Сондай-ақ, бас санитар дәрігер індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қаладағы қоғамдық көлік санын көбейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, елордада бұқаралық шаралар өткізуге, театр, кинотеатр, цирк, концерт залының жұмысына, діни мекемелерде діни шаралар өткізуге тыйым салынды.
Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Садуақас Байғабұлов та қаладағы мектептер – 31 қаңтарға дейін, колледж және университеттер 6 ақпанға дейін қашықтан оқуға көшірілетінін мәлімдеді.