Тікелей эфир

Алматы колледждерінде қай мамандыққа қанша грант бөлінді?

Негізгі орта білім негізінде оқуға түсетін тұлғалар арасындағы конкурс 19-22 тамыз аралығында өтеді.

Еңбек біліктілігіне түсетін тұлғалар үшін колледж кәсіптік жарамдылық бойынша әңгімелесуді ұйымдастырады, ал егер мемлекеттік тапсырыс бойынша орынға үміткерлер көп болса, сертификаттың орташа балы және квота санатының болуы басты мәнге ие болады, деп мәлімдеді Алматы қалалық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру басқармасының басшысы Ерік Әбішаев. 

Бюджетке түсетіндер арасында конкурстық тестілеу мерзімі белгілі болды. 

"Негізгі орта білім негізінде оқуға түсетін тұлғалар арасындағы конкурс 19-22 тамыз аралығында, жалпы орта білім беру базасында және ТжКБ базасында 22-25 тамыз аралығында өтеді. Өнер және мәдениет мамандығына түсетіндер үшін 29 шілде мен 2 тамыз аралығында іріктеу өтеді", – деді басқарма басшысы.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов "Дарын" мектептері туралы: сағаты көп, бірақ сапа айырмасы аз


Сондай-ақ, Алматы қаласындағы колледждерге түсу емтихандары педагогикалық, медициналық мамандықтар мен шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша өтеді. Осы орайда, Ерік Әбішаев бюджеттік орындардың қай салаларға бөлінгенін атады. 

"Білім – 900 орын, өнер-гуманитарлық – 950 орын, әлеуметтік ғылымдар – 25 орын, бизнес, менеджмент және құқық – 1 000 орын, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 2 058 орын, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс индустриясы – 6 158 орын, ауыл, орман, балық шаруашылығы және ветеринария – 160 орын, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру – 1 066 орын, қызмет көрсету –2 588 орын", – деді Ерік Әбішаев. 

Сервистік қызмет көрсету колледжінің директоры Ерұлан Қарағұлов мемлекеттік тапсырыстың қалай бөлінетінін түсіндірді. 


Оқи отырыңыз: 2022 жылы ҰБТ-да өте жоғары балл жинаған 200 үміткердің нәтижесі тексеріледі


"Егер талапкер саны қажет шектен асып кететін болса, онда кәсіби диагностика бойынша сұхбаттасу нәтижесі, аттестаттың орташа балы және міндетті түрде мемлекеттік квотаның қолданылуы ескеріледі. Бізде квотаның тоғыз санаты бар. Олар көп балалы отбасыдан шыққан балалар, мүгедектігі бар адамнан құралған отбасы, қандастар және жалғызбасты әке мен аналарға арналған квоталар және басқалар", – деп қосты Ерұлан Қарағұлов. 

Серіктестер жаңалықтары