Сот орындаушысы борышкердің тек жалақысынан өндіріп алуды жүзеге асыра алады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Бүгінгі таңда такси қызметі, букмекерлік кеңселерден алынған кірістер, электронды әмияндар сияқты бірнеше бейресми кіріс көзі бар. Сот орындаушысы борышкердің тек ресми жалақысынан өндіріп алуды жүзеге асыра алады. Прокуратура олардың бейресми кірісі туралы ақпаратты талап ететін алгоритмді ұсынды. Мысалы, Қарағанды облысында электрондық әмияндарда ақшаны жасырған 86 борышкерді анықтадық", – деді ҚР Бас прокурордың көмекшісі Қайрат Раисов.
Оқи отырыңыз: "Баласына 15 мың теңгесін қимайды". Алимент өндіру үшін не білу керек?
Прокурорлар перзенті алдындағы борышын өтеуден қашып жүрген жауапсыз әкелер жалақысы мен табысын жасыруға тырысатынын айтты. Бүгінде 140 мың баланың пайдасына 23 млрд теңгеге қарыз өтелді. Қазіргі уақытта борышкер азаматтардың жалпы қарызы 22 млрд теңгені құрайды. Бас прокуратураға шағымданып келгендердің бірі – 7 жылдан бері бұрынғы күйеуінен тиісті алимент өндіре алмай жүрген астаналық Майра Рахымжанова.
"Бас прокуратураға келген себебім – бұрынғы күйеуім екі балаға 30 млн теңгеден артық қарыз. Қазір төлем жасаудан қашып, тығылып жүр. Екі жылдан бері алатын жалақысының көлемін жасырып келеді. Екі балаға бірнеше жыл бойы 7-9 мың теңге төлеп келді. Өзі жеке кәсіпкер. Қазір жалақысын өтірік 70 мың деп көрсеткен. Мүлкін ата-анасының атына жаздырған. Қылмыстық істің қозғалғанына 1 жыл болды. Іс алға жылжымай келеді", – деді Астана қаласының тұрғыны Майра Рахымжанова.