Қазақстанда жыныстық алымсақтық әлі күнге дейін "ұсақ құқық бұзушылық" ретінде қаралады. Бұл туралы заңгер-әлеуметтанушы Халида Әжіғұлова отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференцияда айтты.
"Конституция мемлекеттің бірінші құндылығы халық екені, барлық адамның кез келген зорлық-зомбылықтан қорғалатыны жазылған. Жыныстық алымсақтық та – зорлық-зомбылықтың бір түрі. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанда әлі күнге дейін жыныстық алымсақтықтың анықтамасы жоқ. Бұл құқық бұзушылықты жасауға тікелей тыйым жоқ. Сондай-ақ жыныстық алымсақтық жасағаны үшін заңдық санкциялар жоқ. Нәтижесінде, бұл құқық бұзышылық көп жағдайда "Ұсақ құқық бұзушылық" бабымен қаралады", – деді заңгер.
Халида Әжіғұлова қоғамдық орында балағат сөз айту да, тұрғын үйлерді бүлдіру де ұсақ құқық бұзушылық болып есептелетінін еске салды. Оның жазасы – 5 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке қамауға алу.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда әйелдердің 69 пайызы жыныстық бопса зорлауға жетелейді деп санайды
- Сексуалдық сипаттағы қылмыстарға жаңа бап енгізілуі мүмкін
"Бұл жерде құрбанның қандай жарақат алғаны, қылмыстың салдары ескерілуі керек. Мысалы, егер менің подъездімнің қабырғасына біреу жаман сөз жазып кетсе, бұл менің ашуыма тиеді. Бірақ, мен ол подъезге қайта кіруден қорықпаймын. Ал қандай да бір қыз немесе әйел подъезде жыныстық алымсақтыққа ұшыраса, ол қайтадан сол подъезге кіруге қорқатын болады. Тіпті бұл жарақат өмір бойы қалуы мүмкін", – дейді ол.
Әлеуметтанушының айтуынша, жыныстық алымсақтықтың құрамы ресми түрде анықталмаса, статистиканың да жоқ екенін, мониторинг жүргізілмейтінін, жыныстық алымсақтықтың алдын алу туралы немесе жыныстық алымсақтық құрбандарына көмек беру туралы мемлекеттік бағдарлама, бұл мәселені шешуге арналған бюджет те жоқ екенін білдіреді.
Оқи отырыңыз:
- Харассмент немесе жыныстық бопсалау. Агрессорды ауыздықтауға қандай заң керек?
- "Өгей шешем суға тұншықтырды". Елордада тұрмыстық зорлық тақырыбында көрме жұмысы басталды
Халида Әжіғұлова бұл мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс айтты:
- Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте жыныстық алымсақтыққа қатысты жеке бап енгізу;
- Қылмыстық кодекске кәмелет жасына толмаған адамға қатысты груминг пен сексуалды алымсақтыққа қатысты, аңду мен сталкинг жасауға, интимді фотоларды жіберуге (секстинг) қатысты баптар енгізу;
- Еңбек кодексінде барлық жұмыс берушіге жыныстық алымсақтық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты саясат жүргізуді талап ету;
- барлық мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде гендерлік теңдік пен гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты тренингтер өткізу.