Тікелей эфир

Әлемде маймыл шешегі жылдам таралып жатыр. Қазақстанға қауіп бар ма

Елімізде жұқпалы дертке шалдыққан науқас тіркелмеген.

Әлемде маймыл шешегі вирусы таралып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Індет бүгінде Африканың 12 мемлекетімен қоса Еуропа, Пәкістан елдеріне жеткен.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның алдын алу үшін еліміздегі әуежайлар мен шекарада бақылауды күшейтпек.

Әсіресе, маймыл шешегі тіркелген мемлекеттен келген азаматтар жіті назарға алынады. Бүгінде елімізде жұқпалы дертке шалдыққан науқас тіркелмеген. Дегенмен, мамандар азаматтарды барынша тазалық сақтап, жылдам таралып жатқан мемлекеттерге бармауға шақырады.

"Маймыл шешегі симптомдары кәдімгі шешек ауруына ұқсайды. Ауру белгілері 5-21 күнде көріне бастайды. Кейін адамның дене қызуы көтеріліп, басы ауырады. Бұлшық еті мен арқасы ауру белгілері сезіліп, денесі қалтырап, бөртпелер пайда болады. Ол алдымен бетке, кейін бүкіл денеге тарайды. Бөрпенің іші суға толып, іріңге айналады. Бұл дерт көбінесе жабайы жануарлардан жұғады. Адамдар арасында ауа арқылы тарайды", – деді эпидемиолог дәрігер Әдемі Ерғалиева.  

Сонымен қатар мамандар қоғамдық орындардан келгеннен кейін қолды міндетті түрде сабындап жуып, гигиеналық талапты қатаң сақтауға шақырады.

Егер азамат дене қызуы көтеріліп, бас ауруы, шаршау сияқты белгілерді байқаса бірден дәрігер көмегіне жүгінуге тиіс.

Серіктестер жаңалықтары