
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында қазіргі геосаяси мәселелер туралы да сөз қозғады.
"Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді "орта держава" ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс", – деді президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстанның бәсекеге қабілетін күшейту жолдарын айтты.
"Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен (Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен) ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың және Қазақстанның бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек президент Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстау қажет екенін айтты.