Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласының мәселелеріне және оларды шешу жолына тоқталды.
"Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мәселесіне тоқталып кеткім келеді. Бүгінгі таңда кадрлар жалақысының төмендігі мен түлектер үшін әлеуметтік пакеттің болмауы мәселесі өзекті болып отыр. Денсаулық сақтау саласында цифрландыру технологиялары кеңінен қолданылып келеді, науқастар туралы мәлімет пен олардың денсаулық жағдайы туралы база бар. Алайда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бірнеше рет қайта құрылғандықтан, цифрлық технологиялар жағынан артта қалып келеміз. Мұнымен қатар, өзіміздің ақпараттық жүйеміздің болмауы, компьютерлік техниканың әлсіз болуы және байланыс сапасының төмендігі сынды мәселелер өзекті болып отыр", – деді Алексей Цой.
Денсаулық сақтау министрі 378 аумақтық бөлімнің барын және олардың 490 автокөлікпен қамтылғанын мәлімдеді. Осылардың 390 бірлігі жұмыс істеп тұрса, 40-ы 100 пайыз бұзылған және бір көлік жалға берілген. Сондай-ақ, кадрлық әлеуетті нығайту үшін 2021 жылдың қаңтар айынан бастап осы саладағы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге қосымша үстемеақы төленгенін айтты.
"Үстемеақыларға мемлекеттік тексеру жүргізіліп отыр. Аудандарда – 71%, ал облыстарда 40%-ға дейін көтерілді. 2020-2021 жаңа оқу жылынан бастап жаңа білім стандартына сәйкес, "санитарлық гигиена" мамандығы оқытыла бастады. Оған бакалаврға – 150, магистратураға 50 грант бөлінді. Биыл денсаулық сақтау министрлігі оқу мерзімін қайта қарап, ол төрттен бес жылға дейін ұзарды", – деп қосты министр.
Әрі қарай Алексей Цой жыл сайын аталған мамандыққа бөлінетін грант санын көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты. 2025 жылға дейін 400-ге дейін жеткізу көзделген. Сондай-ақ, материалдық-техникалық базаны қалыпқа келтіру үшін "Дені сау ұлт" бағдарламасы аясында 2021 жылға 90 бірлік автокөлік алу мәселесі қаралған.
"553 млн теңгеге 337 бірлік компьютер сатып алып, сараптама жүргізетін 9 ғимарат толық жөндеуден өтеді. 12 ғимарат толықтай заманауи техникалармен жабдықталып, цифрландыру концепциясы жасалады", – деп сендірді министр.