Алаяқтар ватсап желісі арқылы алдаудың тағы бір тәсілін ойлап тапты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Киберқауіпсіздік сарапшылары месенджерде жіберілетін дайын құттықтау хаттарды ашуға асықпау керек дейді. Себебі, хакерлер арам ойын іске асыру үшін құттықтау сөздер жазылған суреттерді пайдалануы мүмкін.
ІТ саласын меңгерген әккі айлакерлер адамдардың атынан фишингтік сілтемелері бар ашық хаттарды жібере алады. Ал құттықтау хабарламасын ашқан соң түрлі платформалардағы аккаунтыңыз бірден жойылуы ықтимал.
Қауіптің тағы бір түрі – жіберілген медиафайлды ашуға арналған қосымшаны жүктеу. Мұндай әрекет қолданушының жеке мәліметінің ұрлануына әкеледі.
Ватсаптан келер қауіптен сақтанудың жолы – барлық қолжетімді қызметтерде құпия кодты ешкімге айтпай, жақын туысыңыздан келген күмәнді сілтемелерді ашпау дейді мамандар.
"Егер танысыңыз жіберген сілтеме өте маңызды деп айтса, оны бірден ашуға асықпаңыз. Танысыңыздың қосымша байланыс көзін іздеп, телеграмына жазып немесе телефонына хабарласып, сілтеменің дәл сол адамнан келгенін анықтап алыңыз. Егер хабарлама қандай да бір органнан, банктан келсе, бұл алаяқтар болуы мүмкін. Сондықтан алдымен сол мекеменің ресми нөміріне хабарласып, хабарламаның дәл солардан келгеніне көз жеткізіңіз. Құттықтау хаттардан да сақ болу керек", – деді киберқауіпсіздік саласының сарапшысы Евгений Питолин.