Ала жаздай ауыз судан тарыққан ақтаулықтар енді жылусыз қалды. Ыстық су өшкен тұрғындар тығырыққа тірелді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тастай суық пәтерлерінде тоңған халық газ пешін қосып амалдап отыр. Күннің сәулесіне шығып жылынуға мәжбүрміз деген жұрт мәселені тезірек шешіп беруді сұрайды.
Ал жауаптылар жылудың қысымы азайып кеткенін жасырмайды. Оның да өз себебі бар екен.
"Екі жақтан пеш қосып отырмыз. 15-інен бастап МАЭК бізге түбіртек жібереді. Төлеуімізге міндеттелінеді. Тоқтың ақшасын тағы төлеу керекпіз. Пешті қосқанымен де түнімен ұйықтай алмай қорқып шығамыз. Өртеніп кетпей ме екен, газдың иісі балаға тиіп кетпей ме екен, уланып қалмаймыз ба екен деп", – деді Ақтау қаласының тұрғыны Жаннат Бауенова.
Ал шенеуніктер қаланың 92 пайызына жылу берілген деп отыр. Бірақ көпқабатты үй тұрғындары "мұндай жылудың барынан жоғы артық" деп ашулы. Баспанасында тоңып секірген қараша жергілікті билікке шағымдарын қарша боратқан. Ыстық судың өшкені тіптен жығылғанға жұдырық болды деп отыр.
Қала басшысының айтуынша, бұл мәселеге жылу құбырынан қайта-қайта ақаудың шығуы себеп. Қазір мамандар жөндеу жұмыстарына кіріскен екен.
"Бұл жағдайға байланысты магистралды құбырлардан тарату құбырлары шағын аудандардағы үйлерге дейін баратын жерлерде ақаулар шығып жатыр. Осы уақытқа дейін яғни гидравликалық сынақ мерзімінде 86 ақау болған. Қазіргі таңда оның 28-і қалды. Сонымен қатар кейбір тұрғын үйлерге тарату құбырлары арқылы жеткізіп жатқан кезде ол жерлерде де ақау шығып жатқан жағдайлар бар", – деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқауыр Байпақов.
Қала әкімі жылу желілерінің 80 пайызы әбден тозғанын жеткізді. Құбырларды ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.